ТКШ

“Қызылжар су” халыққа қызмет көрсету орталығын ашты


 

 

Ең алдымен қонақтар кәсіпорынның орталық диспетчерлік қызметімен танысты. Мұнда диспетчерлер қабылдаған өтініштер бірден компьютерге тіркеледі екен. Бұл жұмысты жобалы түрде жүргізуге септеседі дейді мамандар. Кәсіпорында халыққа қызмет көрсету орталығын ашу заман талабы. Мұнда қызметтің 4 түрі көрсетіледі екен. Осылайша тұрғындар үшін біраз шаруаны осы бір-ақ жерде тындыруға мүмкіндік туды. Мәселен, бұрын азаматтар су есептегіш құрылғысын тексеру мерзімін білу үшін өтініш жазып, жауабын күтетін. Қазір бұл ақпаратты орталықтан дереу алуға болады. Осыған дейін үйге су тарту үшін азаматтар техникалық талаптарды 9 мың теңге жұмсап жасататын. Енді бұл қызмет тегін.

Надежда Маркелова, «Қызылжар су» ЖШС маркетинг бойынша маманы:
-Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін, жемқорлықтың орын алмауы мақсатында осындай орталық аштық. Тұрғындар төлемін пошта немесе банк арқылы жасағанда комиссия үшін де төлейді. Бізде комиссия жоқ. Құжаттарды толтырғанда да кабинеттерді іздеп, әуре болмайды .

Өткен жылы су тазартқыш құрылғыларын жаңғырту бағытында да біраз іс атқарылыпты. Жаңа қосалқы станция құрылып, жиілік реттегіштер орнатылды. Мұның арқасында су желілерінің бұзылуы біршама азайыпты. Тұрғындарға жеткізілетін тіршілік көзінің сапасын арттыру бағытында да ауқымды іс тындырылды.

Геннадий Кириллов , «Қызылжар су» ЖШС сумен қамту кешенінің бастығы:
-2 Фильтрдағы сусіңгіш желілерді ауыстырдық. Насос станцияларында жаңа насостар орнаттық. Соңғы кездері суды тазарту үшін жаңа материалдарды қолданып жатырмыз. Кварц құмының орнына цеолитті пайдаланамыз.  

Серіктестікте орын алған оң өзгерістерді ақпараттық турға қатысқан қала тұрғындары да байқады. Суды тазарту, оны тұрғындарға жеткізу үрдісімен танысқан қонақтар алған әсерлерімен бөлісті.

Кәсіпорынның жұмысымен танысып шықтық. Енді судың, осы мекеме жұмысшыларының қадірін білдік. Қаражаттың дұрыс жұмсалып жатқанына көзіміз жетті. Су бағасының неліктен өскенін де түсініп отырмыз.
Бұл ұжымның арқалаған жүгі қаншалықты ауыр екенін көрдік. Осыған қарап тіршілік көзі тарифінің көтерілуі заңды деп ойлаймын.

«Қызылжар су» ЖШС техникалық паркі де жаңартылыпты. Өткен жылы мұнда 55 млн теңгеден астам қаражатқа 7 түрлі техника сатып алынған. Апаттық жағдайдан құтқаратын көліктер жиылғандардың назарына ұсынылды.

Жасұлан Ахметов, қалалық мәслихаттың депутаты:
Техникалар жаңғыртылып жатыр. Бұл әрине жетістік. Дегенмен кәсіпорынның проблемалары аз емес. Ол – желілердің 70 пайызының тозуы, құрылғылардың ескіруі. Мысалы, насос станциясында сағатына 800 киловатт орайтын 6 насос шығынды ұлғайтады екен. Бұл мекеме электр энергиясы үшін жылына 300 млн теңге төлейді. Осының барлығы су тарифінің көтерілуіне себеп болып отыр.

«Қызылжар су» ЖШС ағымдағы жылы да жаңғырту жұмысын жалғастыруды көздеп отыр.

Айдана Демесінова