«БАРС» арнайы агенттігінің» қызметкерлері үшін күнделікті жұмыс сап түзеуден басталады. Бұдан соң әр күзетші бекітілген нысанға бет алады. Кәсіпорында барлығы 400-ден астам қызметкер бар. Оның 380-і – күзетшілер. Жұмыс жауапты. Қылмыс жасалатын орынға дер кезінде жетіп, алдын алу қажет. Бұл тұста қызметкерлердің біліктілігімен қатар техника сапасының жақсы болғаны да маңызды.
Әнуар Шайхиден, «БАРС АА» ЖШС директоры:
– Қаламыздағы күзет агенттіктерінің арасында тек бізде ғана мотоциклдар бар. Жаңа броне жилет саны – 50. Өте жеңіл. Бұрынғылары 10-12 келі болды. Қазір 2-3 келіден аспайды.
Серіктестік 600 нысанның қауіпсіздігін қадағалайды. Биыл оларда бір де бір ұрлық тіркелмепті. Алайда қызметкерлердің тәжірибесінде кездескен оқиғалар аз емес. Максим Матюхин агенттікте 2 жыл қызмет етеді. Түрлі оқиғалардың куәгері болған.
Максим Матюхин, «БАРС АА» ЖШС қызметкері:
-Брусиловский көшесі, 58 мекен жайында орналасқан дүкендердің бірінде ұрлық жасалды. Біз оқиға орнына 2 минуттың ішінде жеттік. Ұрлықшының сипаттамасын полицейлерге бердік, баукеспе тез арада ұсталды.
Агенттікте күзетшілерді дайындау жөніндегі жеке орталық бар. Мергендікті шыңдауға арналған арнайы тир де жұмыс істейді. Кәсіпорынның жұмыс сапасын арттыруға бағытталған қадамдары республика көлемінде жоғары бағаланып отыр. Өткен жылдың соңында «Қызмет көрсету» аталымында «Алтын сапа» байқауына қатысып, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің алғыс хатына ие болыпты.
Әнуар Шайхиден, «БАРС АА» ЖШС директоры:
– Бас жүлдені жеңіп алмасақ та, еңбегіміз еленді. Осындай байқаулардың бар екендігіне ризамыз. Жұмыс сапасын қалай жақсарту керек екендігін сараладым. Тәжірибе жинақтадық.
Қызмет көрсету саласында 13 жыл бойы жұмыс істейтін кәсіпорынның алдағы жоспары да ауқымды.
Инеш Шоқақова