Ауыл шаруашылығы

Мал таңбалау жалғасуда



 

Мал таңбалау, оған ен салу – малды есептеу, бір-бірінен ажырату үшін салынатын шартты белгі. Осы мақсатпен Аққайың ауданының мал дәрігерлері бүгін Аралағаш ауылына келді. Жылқыға таңба басу үшін мамандар алдымен оның жүнін қыруда. Кейін оны спиртпен өңдеп, 196 градус салқын азот тотығын басады. Осылайша мал түрінің литтерлік кодтары жауырынға, жеке нөмір жамбасқа қойылады. Жылқысына сәйкестендіру номерін таңбалатып, түліктің арнайы құжатын иеленгендердің бірі – Абай Сатыбалдинов.

Абай Сатыбалдинов:

– Бүгін міне Аралағаш ауылына келіп, біздің жылқыға тавро қойып жатыр. Бұл енді үкіметтің шығарған қаулысы бойынша. Бұл енді бір жағынан қолайлы. Ені, таңбасы болады. Әр жылқы басына енді бөлек-бөлек құжат береді.

Айтқандай, әр малға жеке құжат беріледі. Жылқы малына таңба басылса, ірі қараның құлағына сәйкестендіру номері бар сырға тағылады. Нөмірленген белгі қой төлінің міндетті түрде оң жақ құлағына салынады екен. Мамандардың айтуына қарағанда, өткен жылы аудан бойынша төлдейтін малдардың 100 пайызы жеке сәйкестендіру номерлерін алған. Сондықтан да биылдан бастап тек жаңа туған төлдерге белгі салынатын болады.

Темірғали Асылбаев,Аққайың ауданы ветеринарлық станция директорының орынбасары:
– 2012 жылдан бастап жаңа тәртіп бойынша идентификация жасап жатырмыз қара малдарға. Қара малдардың биыл 4868 басын сәйкестендірдік. Аудан бойынша бізде барлық жоспар орындалды. 11880 бас қойды, қара малдан 4868 бас, шошқадан 9168 бас сәйкестендірілді.

Өткен жылы осы мақсатты жүзеге асыру үшін Аққайың ауданында 2,5 миллион теңге ақша игерілген. Ал биылғы жылға 620мың теңге қаржы бөлініп отыр. Мал таңбалау табындағы малды ата-тегі мен өнімділігі бойынша сұрыптау мен жұп таңдау арқылы тұқымын асылдандыруға аса қажет дейді мамандар.

 
Әспет Әбдірешова