Аптадағы маңызды жаңалықтар

Асанов ауылдық округі әкімінің есебі

 

 

 

Қызылжар ауданына қарасты Асанов ауылдық округінде 2 мың 200-ден артық адам 580 үйдің түтінін түтетіп отыр. Ауылдықтардың негізгі бөлігі төрт түлікті бағып-күтіп, үй шаруашылығын жақсы жолға қойып алған. Тұрғындар биылдан асыл тұқымды зеңгі баба төлдерін жалға алуға да ниетті.

Серікбай Қазеев, Қызылжар ауданы Асанов ауылдық округінің әкімі:
-Үй шаруашылығында 608 ірі қара, 400-ге жуық қой-ешкі, 100-ден артық жылқы, 511 шошқа, 7 мың құс бар. 18 мың Га ауылшаруашылық жер телімдерінің 11 мыңы – жайылым. Өткен жылы окруктегі 3 серіктестік пен 4 шаруа қожалығының егін алқаптарында гектар берекелігі орташа 20 центнерден айналды.   

Кәсібі бардың нәсібі бар. Өзгелері де қол қусырып отырған жоқ. Еңбекке жарамды ауылдықтардың барлығы дерлік нәпақасын тауып жүр. Былтыр жаңадан 65 жұмыс орны ашылды. “Дипломмен – ауылға” мемлекеттік бағдарламасы аясында Асанов орта мектебінің ұжымы жоғары білікті 3 жас маманмен толықты.

Елена Аксеникова, Асанов орта мектебінің химия пәні мұғалімі:
-Еңбек жолымды туған ауылымдағы өзім оқыған мектептен бастауды ұйғардым. Сабақ беретін химия кәбинетім толықтай жабдықталған. Жалпы  мектептегі оқу бағдарламасы заман талабына сай беріледі. Көтермеақы төленіп, баспанамен қамтылдым. Бұндай қолдау келген әр жас маманға көрсетіледі.

Ауыл округінің әкімі Серікбай Қазеев 5 ауылда инфроқұрылымның жақсарып қалғанын айтты. Ең бастысы, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылған. 2015 жылға дейін жоспарланған “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында су желісі әр орамға тартылатын болады. Әр ауыл медициналық пункттермен қамтылған. Биыл тағы бір дәрігерлік амбулаторлық кабинетпен толықпақ. Тұрмысы төмен отбасылар мен жалғыз басты аға буын өкілдеріне әлеуметтік жәрдем жасалып тұрады.

Серікбай Қазеев, Қызылжар аудандық Асанов ауылдық округінің әкімі:
– Былтырғы есептік кездесуде бақылауға алынған 4 сұрақтың барлығы қанағаттандырылды. Қосымша жарық бағаналарын орнаттық. Негізгі трассадан Асановаға дейінгі жолдағы ойықтар жөнделді. Электр желілерінің қуаттылығы жетіспейтін, оқшаулағыш сымдар жаңартылды.

Тұрғындар тарапынан былтыр қозғалған ауданішілік жолаушылар тасымалы көлігінің қатынауы әлі өзекті болып тұр. Келісім жасалған болатын. Бірақ тұрақты қатынайтын жолаушылар болмағандықтан автобустық бағыт тоқтатылыпты. Сондықтан болар, көйлегі көк, тамағы тоқ ауылдықтар кезекті кездесуден кейін шағымдарын айта қоймады. Өтініштер жәшігі де бос.

– Осы жерде 1975 жылдан тұрып жатырмын. Дамуы көз алдымызда. Қаладан автобус, теміржол көлігі келіп тұрады. Сондықтан, ол жағынан қазір мәселе жоқ. Су мен жарық бар. Қажетті дәрі мен емді өзімізде жасайды.
-Балам мектепте, келінім шағын орталықта қызмет істейді. Жұмыс бар. Немерелерім оқиды. Өзіміз де жай отырмай, мал ұстаймыз. Ауыл болғасын еңбектену керек.

Тұрмыс деңгейлерінің енді бір көрсеткіші – барлық салық төлемдері толықтай өтеліпті.

Жеңіс Ермұқанов