Білім

Темір тордың ар жағындағы өмір



 

Владимир Андроновтың ЕС -164/3 түзету мекемесіне тоғытылғанына 1 жылдан асқан. Бостандықта оқуға мән бермеген өрімдей жас қазіргі күні білімін, колониядағы кешкі мектепте толықтыруда.

Владимир Андронов, жазасын өтеуші:

-Бұл жерде толыққанды білім алуға барлық жағдай жасалған. Ол өзім үшін керек ертеңгі күні. Сондықтан оқуды ұйғардым.  

Түзету мекемесіндегі кешкі мектепте дене тәрбиесі, шет тілі, ән-күй, сурет сабақтарынан басқа пәндердің бәрі оқытылады.

Асылбек Алтаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:  

Түзету мекемесіндегі кешкі мектепте білім алушылар саны 153 адам. Сабақ оқуларына барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық база қоры жеткілікті.

Колонида сондай-ақ, кәсіптік колледж де бар. Онда 20 мен 58 жас аралығындағылар ағаш шебері, тас қалаушы, сылақшы, дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алу мүмкіндігіне ие. Оқу мерзімі – 10 ай. Оны тәмамдағандары сертификатқа ие болады. Кейбір жазасын өтеушілердің мемелекет алдында қарыздары бар. Соларды өздері өтеу үшін сотталғандар еңбекке тартылған.

Бахыт Ахметжанов, ЕС 164/3 түзету мекемесі басшысының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары:

-Мекемеде 97 адам жұмысқа орналастырылды. 66 “Еңбек Қызылжарда” жұмыс істеуде. 31 адам шаруашылық бөліміне жұмысқа орналастырылды. Ай сайын жалақыларын алып тұрады.

Түзету мекемесінде тігін цехы да жұмыс істейді. Екі ауысымда 20 адам еңбек етуде. Солардың бірі Асхат Бердіғожинов. Ол матадан осы жерде тігілетін арнайы киімдердің нобайын қияды.

Асхат Бердіғожинов, жазасын өтеуші:

Күнделікті 8 сағат жұмыс істеймін. Ай сайын алатын жалақы мөлшері 30 мың теңгенің үстінде. Іс тігуге машықтанып алдым. Бостандықта бұл жұмысты одан әрі дамытуды көздеймін.

ЕС -164/6 түзеті мекемесінде жазасын өтеушілердің барлығы нәзік жандар. Жалпы саны 240 адам. Жас мөлшерлері 18 бен 70 аралығында. Олар уақыттарын босқа өткізбеу үшін тәрбиелік мақсаттағы шаралар бұл жерде де қолға алынған. Бұл колонияда да кешкі мектеп, спорт залы, ән-би үйірмелері жұмыс істейді. Әйелдер колониясында да колледж бар. Онда тігінші, сылақшы, қас, бет әрлеуші секілді сұранысқа қажетті мамандар даярлануда. Білім алушылар саны 60 адам. “Еңбек -Қызылжар” кәсіпорнының бөлімшесі бұл жерде де жұмыс істеуде. Тігін цехындағы қыз-келіншектер арнайы киім тігумен айналысуда.

Айқын Баженов, 164/6 түзету мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Өнімдерге сұраныс бар. Еңбекке тартылғандары ай сайын жалақыларын алып отырады. Колледжді тәмамдағандары бостандыққа кеткендердің орнына жұмысқа қабылданады.

Адамды адам қылған еңбек. Біз болған екі колонияда да бұл қағида басты жолға қойылыпты. Жазасын өтеушілерді оқу -сызуға үйретудегі мақсат, оларды бостандықта өз нандарын өздері тауып жеуге машықтандыру, әрі еңбек арқылы елімізге пайдасын тигізу.

Самат Есмағи