Денсаулық сақтау

Тегін дәрі-дәрмек



 

Мария Фадеева өзіне тиесілі тегін дәрілерді №3 қалалық емхананың дәріханасынан алады екен. Зейнеткер терапевт пен эндокринолог дәрігерлерінде есепте тұр. Азаматша мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға разы.

Мария Фадеева, зейнеткер:
Мемлекеттің қолдауын жақсы сезінеміз. Мысалы, қажетті дәрілерді тегін аламыз. Бұл препараттардың ішінде қымбаттары да бар. Тегін бермеген жағдайда, бәлкім, кей азаматтардың қалтасы көтере алмас еді. Ақ халаттылардың қызмет көрсетуі де көңілімнен шығады.

№3 қалалық емхана 65 790 қала тұрғынына қызмет көрсетеді. Оның 16 мыңнан астамы диспансерлік есепте тұрған азаматтар. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес олар тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алады. Жыл басынан бұл емдеу мекемесінде 6 млн 400 мың теңгенің дәрісі азаматтарға тегін беріліпті.

Әлия Ташетова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері:
Емханаға келетін ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету министрліктің №786 бұйрығы бойынша жүргізіледі. Биылғы 2013 жылға 170 млн көлемінде заявка берілді. Біз әрбір аурудың қандай диагнозбен есепте тұрғанын, 1 жылдың ішінде қанша дәрі-дәрмекті қолданатынын есептеп, осындай соманы шығардық.

Жалпы өткен жылы 130 мыңнан астам жерлесіміз тегін препараттармен қамтамасыз етілген. Бұл үшін ел қазынасынан 1 млрд 168 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 1 млрд 120 млн теңге бөлініпті.

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары:
Тегін дәрідәрмектер бұйрықта көрсетілген аурулармен диспансерлік есепте тұрғандарға беріледі. Бұйрыққа сәйкес препараттың 400-ден астам түрі тегін таратылады. Қаңтар айының аяғында тендер өтеді. Одан кейін дәрілерді азаматтарға емханалардағы дәріханалар арқылы беруді көздеп отырмыз.  

Ағымдағы жылы бұл бағытқа республикалық бюджеттен 1 млрд 510 млн 475 мың теңге, облыстық қазынадан 1 млрд 101 млн теңге қарастырылыпты

Айдана Демесінова