Аптадағы маңызды жаңалықтар

Самат Ескендіров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне кірісті

 

 

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары Елбасы ұсынған кандидатураны бір ауыздан қолдады. Өңірдің жаңа әкімі Самат Ескендіровті облыс активіне Үкімет басшысы таныстырды.

Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрі:
Самат Ескендіров сіздерге жақсы таныс. Еңбек жолын осы жерде бригадирдің көмекшісінен бастаған. Кейін бірқатар жетекшілік қызмет атқарды. СҚО әкімінің бірінші орынбасары болды. Өңір активінің ұсынысымен ҚР Парламенті Сенатына сайланды. Оның еңбек өтілі мен білімі бұл лауазымды қызметті абыройлы атқаруға жеткілікті деп санаймын.

Самат Ескендіров өз кезегінде көрсетілген сенімді абыройлы атқарып, қойылған міндеттерді мінсіз орындауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:
Бүгін осы актив алдында Елбасына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бұл сенімді ақтау үшін еліміздің дамуына бар күшімді, білімімді салып, қоянқолтық жұмыс істеуге уәде беремін.  

Серік Біләлов СҚО 5,5 жыл басқарды. Серік Ахметов оның жетекшілігімен теріскейде талай игі бастама сәтті жүзеге асқандығын айтып, еңбегіне жоғары баға берді. Бұған қашанда орақ науқанында диқандардың жиып жүрген рекордтық өнімі куә. Жыл сайын ел қамбасына құйылатын ырыс дәннінің 30 пайыздан артығы астықты өлкеміздің үлесінде. Өзге салаларда да өсім байқалады.

 Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрі:
– Бәріңіз білесіздер. Осы уақыт ішінде облыста жаңа өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнес саласын қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, экономиканың тағы басқа салалары бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Серік Сұлтанғазыұлына алғыс айтып, жаңа қызметте сәттілік тілейміз.

Бүгінге дейін облысты жетелеген 21 әкімнің ішінде Серік Біләлов кіндік қаны тамған жерінде басшылық еткен алғашқы солтүстікқазақстандық болыпты.

Серік Біләлов:

– Президент жүктеген тапсырмалардың бәрі жүзеге асты. Бұл бірлесіп жұмыс атқарған жерлестерімнің арқасы. Аграрлы өңірдің мүмкіндіктері мол. Халқы еңбекқор. Самат Ескендіровтың жетекшілігімен СҚО биік белестерді бағындыратынына сенімдімін.  

Жиын соңында Серік Ахметов енді тағайындалған әкім мен өңір тұрғындарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрі:
-Ауыл шаруашылығы әлеуетімен қатар үдемелі индустриялық –инновациялық даму жағын да ұмыт қалдырмау керек. Шағын және орта бизнес, құрылыс пен әлеуметтік салаға жаңаша дем берілуі тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар бекітілді, Үкімет тарапынан қолдау болады. Қазақстанның экономикасының қарыштауына СҚО сүбелі үлесін қосып келеді. Бұл жолдан таймай, ел игілігі үшін белсенді жұмыс жасайтындарыңызға сенімдімін.

Ал Самат Ескендіров жаңа лауазымына 23 қаңтар,  сәрсенбінің сәтінде кірісіп кетті.

Жеңіс Ермұқанов