Билік

Воскресенов селолық округі әкімінің есебі

 

Воскресенов селолық округіне үш елді мекен кіреді. Халық саны 1439-ды құрайды. Округ әкімімен болған өткен жылғы кездесуде тұрғындар тарапынан түскен өтініш пен талап-тілектер 150-ден асады. Бір жыл ішінде олардың барлығы өз шешімдерін тапқан.

 Неёля Белоногова, Воскресенов селолық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

Маңызды мәселелердің бірі таза ауыз су. Алайда оны шешу 2016 жылдың еншісіне қалдырылып отыр. Биыл ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарларланған. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы 19 миллион теңге. Сондай-ақ осы жылы қоқыс төгетін орын мен абаттандыру жұмыстарына баса назар аударылмақ. Оған қарастырылған қаржы 1 миллион теңгеден асады.

Қоғамдық қауіпсіздік-  бейбіт өмірдің кепілі. Округте бұл жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығы жөнінде жиынға қатысушылар учаскелік инспектордың баяндамасынан құлағдар болды.

Әлібек Өсіпов, Воскресенов селолық округінің учаскелік инспекторы:

Өткен жылы округ бойынша 12 қылмыс тіркелген болатын. Оның 11 ұрлық, біреуі адам өлтіру фактісіне қатысты. Оқиғалардың барлығы ізі суымай ашылды.

Жиын барысында залдан қойылған сауалдар болмады. Жазбаша түскен өтініштер саны үшеу. Олар елді мекенде дәріхана ашу, ауыз су мәселесін шешу және қаңғыбас иттермен күрес тақырыптарын қамтыды. Округ әкімі бұлардың бәрі алдағы уақытта шешімін табатынына уәде етті.

Әсел Белгібекова, село тұрғыны:

Округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға қоюға болады. Бар мәселемізді шешуге ол кісі атсалысады. Қыс мезгілінде жолдар қардан үнемі тазартылады, көшелерде жарық бар. Су мәселесі 2016 жылы шешіледі деп уәде етті. Оған кәміл сенеміз.

Округте бүгінде 8 серіктестік пен 32 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың барлығы ауылшаруашылығын дамыту жөнінде Елбасы қойған тапсырмаға бір адамдай атсалысуда. Жиынды қорытындылаған округ әкімі қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмай, жолдауда көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыруда жұдырықтай жұмыла еңбек ету керектігін тілге тиек етті. Оны шаруашылық басшылары бір ауыздан қолдап отыр. Елде барға ерін тиеді деген осыдан шыққан болар.

Самат Есмағи