Аптадағы маңызды жаңалықтар

“ТКШ жаңғырту” бағдарламасы

 

 

Әбу Досмұхамбетов, 17 мекен-жайында орналасқан төрт қабатты үйдің іргетасы 1994 жылы қаланған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Айгүл Рысбаеваның бұл үйде тұрып жатқанына сегіз жыл. Пәтері бірінші қабатта. Алайда үйге емес, моншаға кіргендей боласың. Оған жертөледегі істен шыққан жылу жүйесінен аққан судың буы келеді. Пәтердің бәрін дым тартып кеткен.

Айгүл Рысбаева, тұрғын:

Үйімді жөндей-жөндей шаршадым. Еңбегім зая кетуде. Оның үстіне қанша ақшам шығындалды. Бағдарламаға қатысуға келісім бердік. Жағдайымызды оңалту үшін. Пәтерім үш бөлмелі. Ай сайын 8 мың теңгеге жуық төлеуім қажет екен. Оған қарсы емеспін. Тек үйімізді оңдаса болғаны.

Биыл қыста үй жылудан екі рет ажыратылыпты. Біз барғанда ол жағдай тағы қайталанды.

Анатолий Сильвашы, сантехник:

-Қараңыз, мынаны қалай оңдауға болады. Барлығы шіріп кеткен. Бүкіл үйдің жылу жүиесінің жағдайы осы. Қыстан қалай шығатынымызды білмеймін.

Үйдің кіре берістері биыл жазда толығымен сырланып-қырланған. Құдды бір жаңа үйдікі іспеттес. Тұрғындар оған қажетті ақшаны өздері жинапты. Бірақ жөндеуден не пайда, төбеден аққан су, бәрін шайып кетіпті. Ақшамызды босқа шығындадық дейді тұрғындар.

Зәуре Нұрмұқанова, тұрғын:

Жағдайымыз не болатынын білмеймін. Қиындықтан көз ашпайтын болдық. Тиісті құжаттарымызды толық өткіздік. Уәде берген, бірақ орындалған жоқ. Енді қанша тосуымыз керек сонда.

“Г” әрпі тектес төрт қабатты үйдің шатыр, жылу, кәріз жүйесі,ыстық және суық су құбырлары мен электр желілері толығымен жаңартуды қажет етеді. Аталмыш бағдарламаға қатысуға тұрғындар толығымен келісіп отыр. Жөндеуге қажетті сома да есептелініп қойған. Алайда қаржыдан хабар жоқ дейді тұрғындар.

Сәлиха Алкешова, ПИК төрайымы:

-Құжаттарымызды өткізген кезде, 51 миллион теңге қаржы бөлеміз, желтоқсан айында үйдің шатырын жабу жұмыстары қолға алынады деген. Әлі ештеңе қозғалған жоқ. Тиісті басшыларға хабарлассақ, олар қазір ақша жоқ, тосыңыздар деп жауап қайырды. Сонда алдында бөлген ақша қайда кетуі мүмкін. Қаланың шетінде тұрсақ та, біз де адам секілді өмір сүргіміз келеді.

Бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалаушы – “Петропавл қалалық тұрғын үй қызметі” серіктестігі. Ондағы мамандар аталмыш мекенжайдағы тұрғын үйге жөндеу жұмыстары осы жылы бірінші кезекте қолға алынады деп отыр.

Азат Мәтенов, “Петропавл қалалық тұрғын үй қызметі” серіктестігінің бөлім бастығы:

-Қаржының өткен жылы бөлінбеуіне тиісті құжаттардың жыл соңында өткізілгендігі қолбайлау болды. Оның үстіне бұл облыс орталығында жөндеуге енгізілген баспаналардың ішіндегі ең ірі сома. Биыл қаржыландыру басталысымен бірінші кезекте “Әбу Досмұхамбетов, 17” мекенжайындағы үйді қалпына келтіруді қолға аламыз. Ондағы жұмыс ауқымды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша өткен жылы облыс орталығында тозығы жеткен 47 үй жөнделсе, биыл ол көрсеткіш 60-ты құрамақ. Кезекте бірінші болып тұрған “Әбу Досмұхамбетов, 17” мекен-жайындағы 4 қабатты үй. Мамандар қаржыландыру тек наурыз айында басталады деп отыр. Мемлекет тарапынан көмектің болары сөзсіз. Тұрғындарға сәл күту керек.

 

Самат Есмағи