Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қаңтардың 19-ы православие сеніміндегілер Крещение мерекесін тойлады

 

Крещение – христиандардың басты мерекелерінің бірі болып есептеледі. Бұл күні ең алдымен олар құдайға құлшылық ету үшін шіркеуге барады екен. Мереке Есіл өзеніне дейінгі крест шеруімен жалғасты. Бір топ солтүстікқазақстандықтарды белгіленген жерге Петропавл-Булаев епархиясының епископы Гурий бастап барды.

Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының епископы:
-Суды аластатуға көптеген солтүстікқазақстандықтар келді. Бүгінгі мереке бірлік пен қуанышқа толы күндерді әкелсін. Қасиетті су жаңа бақытты ғұмырдың басталуына мұрындық болсын!

Қасиетті суға түсіп, күнәдан арыламын деушілерге 7 ойық жасалған. Епископ өзенге кресті салып, суды аластады.
Қолдарына ыдыс ұстаған жерлестеріміз осы жерге ағылды. Барлығы қасиетті судан алуға асық.

-Барша адамзатты мерекемен құттықтаймын. Суды ішеміз, балаларды шомылдырамыз.
-Бұл су бүлінбейді.
Оны ыдыстарға жинап үйге апарамыз. Кейін балаларға береміз, өзіміз ішеміз.
Ең алдымен бұл суды үйге апарып, баспанамызды аластаймыз. Кейін отбасымыздың барлық мүшесі оны ішіп, бір-біріне денсаулық, бақыт тілейді.

Людмила Васькина жыл сайын қаңтардың 19-ы осы жерге келеді екен. Өйткені Крещение мерекесі ол үшін маңызды.

Людмила Васькина:
Жыл сайын жанұямызбен осында келеміз. Қасиетті суды алып, шомыламыз. Барлығын осы мерекемен құттықтаймын. Бейбітшілікте өмір сүрейік.

Есіл өзенінінің бойында шомылу үшін 3 кұдық ойылыпты. Аязға қарамастан қасиетті суға сүңгіп шығуға ниет танытқандардың қатары қалың болды. Өйткені жерлестеріміз бұл күні суға шомылғанда күнәдан арылып, жанының тазаратынына кәміл сенеді.

Барлығына шомылып шығуға кеңес беремін. Құдайға сенемін, ол бізге күш береді.
Бірінші рет шомылдым. Өзімді жақсы сезінемін.
Шомылуға келдім. Көңіл-күйім жақсы. Алғаш рет сүңгіп шыққанда қиын болған. Қазір жеңіл.

Бұл күні тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болды. Полицейлер, жедел жәрдем қызметкерлері мен құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс жасады.

Виктор Держанский, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің бастығы:
Мұздың қалыңдығы – шамамен 40 см болды. Қауіпсіздікті сақтауға суда құтқару қызметінің 12 адамы, 2 техника тартылды. Медицина қызметкерлері мен тәртіп сақшылары да осында жүр.

Бұл күні солтүстікқазақстандықтар кешкі сағат сегізге дейін қасиетті суға шомыла алды.

 

Айдана Демесінова