Денсаулық сақтау

Медициналық қызмет сапасын бақылау

 

 

Шағымдардың дені – акушерлік-гинекологиялық қызметтің жұмысына қатысты. Жуырда ғана нәрестелі болған аналар дәрігерлердің уақытында қабылдамау, құжатты дұрыс толтырмау сынды жауапсыз іс-әрекеттеріне қынжулы. Бұл салаға байланысты түскен 16 шағымның 10-ы расталыпты.Терапевтік қызмет – екінші орында. Барлығы өткен жылы медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті СҚО бойынша департаментінің мамандары 154 тексеріс өткізіпті.

Айгүл Алыпқарина, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
– 144 тексеріс жоспардан тыс жүргізілді. Олардың нәтижесінде анықталған олқылықтарды жою жөнінде 73 ұйғарым жасалды. 18 материал облыстық ІІД тергеу басқармасына жіберілді. Олардың бәрі адам қазасымен аяқталған істерге қатысты.

Сондай-ақ 48 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Кінәлі деп танылған жеке, лауазымды және заңды тұлғалар мемлекет қазынасына 2,5 млн теңге қаражат салуға міндетті.

Айгүл Алыпқарина, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
23 хаттама заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметке байланысты. Негізінен дәрігердің арнайы сертификатының болмауы сынды олқылықтар кездеседі. Ол үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл қарастырылған.

2012 жылы дәрі-дәрмекті сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жұмысы сирек тексеріліпті. Бұл – шағымдардың болмауына байланысты. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында 25 дәріхана мен 4 медициналық мекеменің жұмысын тексеру жоспарланған.

 

Инеш Шоқақова