Билік

Ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту

 

 

Еліміздегі мал етінің экспортын 60 мың тоннаға жеткізу межеленген. Мемлекет сыртына осыншама ірі қара өнімін тасымалдау үшін жылына кемінде 250 мың бас бұқаны сою қажет екен. Бүгінде отандық шаруалардың игілігінде 6 млн. артық зеңгі баба төлі бар. Оның жартысына жуығы аналық. Дегенмен қорадағы мал саны толық түгенделмеген. Үкімет басшысы бұл үрдісті жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Санымен қатар сапа жағына да көңіл аударудың маңыздылығын тілге тиек етті. Мәселен, бүгінде етке өткізілетін малдың орташа салмағы 154 келі ғана. Халықаралық стандарт – 220 кг. Талапқа жету үшін мал шаруашылығын жаппай асылдандыру қажет. Осы мақсатта соңғы 2 жылда ғана шетелден 30 мың бас жоғары өнімді тайынша жеткізілген. 60 шаруашылық құрылып, бордақалау орындары ашылуда. Асылдығын растап, құжаттап тіркейтін 8 республикалық палата жұмыс істейді. Өңіріміздегі Есіл ауданы бұл ретте Президент жүктеген жоспарды 100 пайыз орындаған 10 ауданның ішінде. Тапсырманы ақсатқан аймақ жетекшілері Серік Ахметовке есеп берді. Еттімен қатар сүтті бағыты да ұмыт қалмауы тиіс. Астанадағы отырыста осы жағынан “Зенченко және К” КС жұмысы үлгі етілді. Шаруашылықтың сауын сиырлары тәулігіне 39 тонна сүт береді екен. Оның 20 тоннасы сол күні саудаланады. Өзгесі өңделеді. Селекторлық байланыс үзілген соң облыс әкімі Серік Біләлов бірқатар тапсырма жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Өңірімізде кемінде 500 бас ірі қара болуы керек. Биыл төрт түлікті нөмірлеуді аяқтау қажет. Мал бордақалау орындарын салып, әр ауданда 300 басқа шақталған асыл тұқымды репродуктор кешенін құру керек. Биыл сырттан 30 мың бас қара мал енгізуді жоспарлап отырмыз. Оның 60 пайызын алғашқы жартыжылдықта жеткізген жөн. Қыс түскенше бейімделіп қалады.

Өңір жетекшісі Серік Біләлов биылдан жоғары өнімді тайыншаларды ауыл тұрғындарына жалға беруді қолға алуды жүктеді.

Жеңіс Ермұқанов