Қоғам

Елбасы кезекті жолдауында дін мәселесіне де көп көңіл бөлді

 

 

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында біздің көпұлтты халқымыздың бірлігі еліміздің дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін атап өткен. Ислам діні де ұлтаралық татулықты насихаттап, барша халықты ынтымаққа шақырады.

Қасымхан Абдоллаұлы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
-Қазіргі уақытта халқымызға ынтымақ, бірлік керек. Біздің дініміз бірлікті насихаттайды. Асыл дінімізді дұрыс түсініп, насихаттау керек. Жастар көп келеді. Жастар дінімді дұрыс үйреніп, дұрыс білемін десе, тек қана имамдардан, ұстаздардан ғана алу керек, солардан ғана үйрену керек.

Маңызды құжатта жалған діни ағымдардың мәселесі де бүгінде өткір тұрғандығы айтылған. Жергілікті имамдар жастардың санасын теріс көзқарастардан сақтап қалу үшін қолдарынан келгенін жасауда. Діннің түпкі мақсатын айтатын газет-жорналдар мен арнайы сайттар бар. Сонымен қатар діни қызметкерлер де барған жерінде уағыздарын айтып жүреді.

Қасымхан Абдоллаұлы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
-Теріс ағымды болдырмау мақсатында имамдарға тапсырмалар беріліп тұрады. Теріс ағымнан сақтану үшін оқу орындарында және барған жерлерімізде кеңінен халыққа насихаттап отырамыз. Елімізде 9 медресеміз, 1 университет бар. Өзіміздің «Ислам және өркениет» газеті шығады айына 3 рет. «Иман» журналы шығады. Өзіміздің сайтымыз бар. Оның ішінде 15 шақты сайт бар.

Өткен жылы өңіріміздегі діни бірлестіктер қайта тіркеуден өткен болатын. Облыстағы 64 мешіт бұл сыннан сүрінбеді.

Қасымхан Абдоллаұлы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
-Біздің қаламызда қазір бір ғана мешіт тіркелмей отыр. Себептердің бірі Республикамыздағы барлық мешіттер өзінің жарғы ережесіне сай талаптарды орындау керек. Оның ішіндегі мешітке түскен түсімдердің 30 пайызын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына аударып тұру. Біздің облысымызда бірен-саран мешіттер ережеге сай осыны орындайды. Ал көптеген мешіттер қаржы болмағандықтан бұл нәрсе міндеттелмеген. Сол сияқты «Дінмұхаммед» мешітінде де біз тіркелсек, осы нәрсе бар деген сияқты келіспейтіндер бар.

Бүгінде Уәлиханов және Есіл аудандарында Алла үйі бой көтеруде. Болашақта Мамлют және Аққайың аудандарында да мешіт салу жоспарда бар.

 

Айдана Демесінова