Ауыл шаруашылығы

Көктемгі егіске әзірлік

 

 

Былтыр аграрлы өңір 238 млрд теңгенің ауылшаруашылығы өнімін шығарыпты. Ауыл еңбеккерлерінің бастамаларына 40 млрд теңгенің инвестициясы құйылған. Мемлекеттің қолдауымен егістіктерге 37,5 мың тонна тыңайтқыш шашылды. Диқандардың табанды еңбегі мен тың ғылыми технология нәтижесінде қуаңшылық шалған өткен науқанда 5 млн тоннаға жуық бидай қамбаға түсті. Алайда бәрі бірдей бар мүмкіндікті тиісінше пайдаланды деп айтуға болмайды.

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Айыртау, Есіл Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев аудандарындағы алқаптарға тұқым 9-32 мың Га аз сіңірілді. Ақжар, Уәлиханов және Шал ақын аудандарының шаруалары химиялық өңдеу жұмыстарына аса мән бермеді. Гирбицид аз шашылғандықтан  гектар берекелігі өзгелерден әлдеқайда төмен болды. Соңғы атаған аудандарда тұқым жаңарту жағы да қолға алынбады.  

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров алдағы орақ науқанында бұндай немқұрайлыққа жол берілмейтінін қадап айтты. 2012 жыл облыстың машина-трактор паркі 15 млрд теңгенің 1155 заманауи техникасымен толығыпты.

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Оның 392-сі мемлекеттің қолдауымен лизингке алынған екен. 77 жоғары өнімді кешен. Танап басына 260 жаңа трактор мен 269 астық жинайтын комбайн шықты. Ал кезекті егіс науқанына 1012 тұқым сіңіргіштер шығады. Қазір олардың 70 пайызы дайын. Науқанға қажетті 70 мың тонна жанар-жағармайдың әзірге 11 мыңы ғана бар.

Жаздың қамын қыс ойлауды ескермейтін 100-ге тарта шаруашылық алдағы науқанға қамдануға асықпайтын көрінеді. Серіктестік жетекшілері себетін тұқым жайын әлі ойламай отыр. Айдарбек Сапаров уақыт күттірмейтін шараға бүгіннен қалмай әзірлену керектігін айтты.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Ауылға келгесін осындай жиналыстар өткізу керек. Алға қойған жоспарлар көп бірігіп кіріскен жөн. Уақытты босқа өткізіп алмау керек.  

Алқалы жиында мал шаруашылығының әлеуеті де сөз болды. Жалпы 4 түліктің 15 пайызға артқандығы байқалады. 6 репродуктор құрылды. Өткен жылы өңірімізге сырттан 36 мың бас ірі қара жеткізілуі тиіс болатын. Алайда тек 28 мыңы сатып алынған. Көзделген меже Шал ақын, Ғ. Мүсірепов, Жамбыл және Айыртау аудандарында орындалмады. Әр ауданда ветеринарлық инспекция ашылды. Кей аудандарда егу жұмыстары сәйкесінше жүргізілмейді екен. Осыдан бруцелез ауруы белең алған.

Владимир Карабельников, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау комитетінің СҚО аймақтық инспекциясының бастығы:
Уәлиханов ауданына қарасты Құлыкөл ауылдық округі және М. Жұмабаев ауданында ауруға шалдыққан бірқатар ірі қара тіркелді. Кейін анықтасақ бар гәп егу жұмыстарының жүргізілмеуінде.  

Отырыста жер түгендеу мәселелеріде сараланды. Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бірқатар тапсырма берді.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Қараусыз жатқан 60 мың га жер телімін айналымға енгізу керек. Тұқым сараптау жұмыстарын тездеткен жөн. Бүгінде тұқымның 65 пайызы бар. Техникалық парк жаңартылу керек. Лизингке тапсырысты бүгіннен беріңіздер. Өйтпесек кешігіп қаламыз. Егіс науқаны көзді ашып-жұмғанша келіп қалады.

Сондай-ақ мал шаруашылығы әлеуетін арттыруды ұмытпауды тапсырды. Биылға 30 мың бас ірі қара алу жоспарланып отыр.

Жеңіс Ермұқанов