Мәдениет

Израильдің жануарлар дүниесіне арналған фотокөрме

Мына туындылар – алматылық фотосуретші Олег Беляловтың еңбектері. Көрме Израиль жерін мекендейтін жануарлар әлеміне құрылыпты. Әсіресе оның шөлді жерлерін мекендейтін жыртқыш аң-құсы мен өсімдіктері фотосуретшіні қызықтырмай қоймаса керек.

Фотокөрме осыған дейін Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында болған.

Жібек Жүзенова, Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайының экскурсия жүргізушісі:
Фотосуреттер бүгінгі таңда Қазақстанның барлық қалаларында көрсетіліп жатыр. Петропавлда бүгін ашылса, кейін Көкшетау қаласында тамашалайтын болады. Түрлі жануарлар, құстардың жойылып кете жаздаған түрлерін көруге болады. Көрме осымен ерекшеленеді.

Авиценна сұр жыланы сырт көзге шағын болып көрінгенмен, шындығында адам үшін өте қауіпті. Ал, мына түлкі шөлді жерде бөтен көзден таса жерде тіршілігін жасайды екен. Көрмеде осы сынды түрлі жануарлар мен жалпы, табиғат бейнеленген суреттердің саны алпысқа жетеді.

Светлана Макаровская, республикалық еврей қайырымдылық қоғамдық бірлестігі Петропавл  филиалының атқарушы директоры:
Бұл суреттерді біз Алматыдан әкелдік. Жұмыстарды белгілі қазақстандық фотосуретші, «Қазақфильм» киностудиясының қызметкері Олег Белялов бірнеше рет Израильде болғанда, сол елдің табиғатынан ерекше әсер алып, осындай тамаша суреттер түсіріп әкелген.

Израиль мемлекетінің ерекше табиғаты, оның қайта қалпына келтірілген жануарлар әлемінен сыр шертетін көрме бір айға дейін жұмыс істейтін болады.

Әспет Әбдірешова