Аптадағы маңызды жаңалықтар

Гуманитарлық-техникалық білім беру кешенінде көліктерге қызмет көрсету орталығы ашылды

 

 

Александр Мальнев биыл автокөліктің техник- механигі маманы дипломын алмақ. Яғни, кәсібі бойынша қызметке орналасуы тиіс. Александр бұл орайда қиындық тумайтынына сенімді. Өйткені колледжде практикалық сабақтардың өткізілуіне баса көңіл бөлінеді. Осы мақсатта жуырда көліктерге қызмет көрсету орталығы ашылыпты.

Александр Мальнев, гуманитарлық-техникалық білім беру кешенінің студенті:
Мен осы орталықта өз білімімді шыңдаудамын. Дипломдық жұмысыма қажетті мағлұматтарды да аламын. Жұмысқа орналасу кезінде бұл тәжірибемнің қажет болары сөзсіз.

Студенттерге арнайы мамандар бағыт-бағдар беріп, көліктегі олқылықтарды жоюға көмектеседі. Станса жаңа болғандықтан, барлық жұмыс компьютердің көмегімен орындалады. Мұнымен қоса, орталыққа темір тұлпарын кез-келген тұрғын әкеле алады.

Андрей Тимофеев, гуманитарлық-техникалық білім беру кешені жанындағы техникалық қызмет көрсету орталығының бастығы:
– Орталықтың автоматтандырылуы қызмет көрсету уақытын үнемдейді. Құрылғылар жаңа. Тиісінше, сапасы да жоғары. Орталықта 4 адам жұмыс істейтін болады.

Оқу мен тәжірибені үйлестіре білетін технологтар мен автокөлікті жөндеу ісі шеберлерінің жұмысқа орналасуында қиындық тумайды. Алайда бухгалтерлік есеп, құқық сынды мамандықтың студенттерін еңбекпен қамту өзекті болып қала бермек. Демек, еңбек нарығында техникалық мамандықтарға деген сұраныс зор.

Александр Мерк, гуманитарлық-техникалық білім беру кешенінің президенті:
Елбасы әрдайым оқытудың дуалдық жүйесін дамыту қажеттігіне назар аударады. Өйткені жұмысшыларға дайын маман қажет. Сондықтан біз студенттердің біліктілігін арттыру үшін «Мұнаймаш» зауытымен тығыз қарым-қатынастамыз. Колледж жанында көлікті диагностикалау, жөндеу цехтары да жұмыс істейді.

Бұл студенттер үшін зор көмек. Ал оқу ордасында 1200 студент білім алуда.

Инеш Шоқақова