Билік

Барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері басталды

 

Корнеев селолық округінің әкімі Жоламан Сейпілов өткен 2012 жыл нәтижелі болды дейді. Көптеген мәселелердің түйіні тарқатылыпты. Еңбекпен қамту саласында ауқымды іс жасалған.

Жоламан Сейпілов, Корнеевка селолық округінің әкімі:
-2012 жылы округ бойынша 199 адам еңбекке тартылды. 95 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 0,5 %  құрады.

Алайда атқарылған іс мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты тегін игеру  немесе қайта даярлаудан өту мүмкіндігін не бары алты-ақ ауыл тұрғыны пайдаланған. Тұрғындар облыс әкіміне өздерін толғандырып жүрген өзге де мәселелер жайлы айтты. Жерлестерімізді таза ауыз су мен ауыл көшелерін жарықтандыру жайы алаңдатуда.

-Ең бастысы – су мәселесі. Өйткені аязды күндері зейнеткерлер 300-400 метрден оны таси алмайды. Біздің ауыл созылған, сондықтан алыс жерден тіршілік көзін тасуға мәжбүрміз.

Бұл жиында қарастырылған сұрақтардың бір бөлігі ғана. Өңір жетекшісі мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселелердің барлығы өзекті. Біз оларды шешуге тырысамыз. Судың жайын бірден жақсартамыз деп айта алмаймын. Совет селосы бойынша бағдарлама әзірлеп жатырмыз.

Жиылғандар селолық округтің әкімі Жоламан Сейпіловтың жұмысына оң бағасын берді.Есепті кездесуден кейін аймақ басшысы бірқатар білім беру мекемесін аралады. Неміс тілін тереңдетіп оқытатын “Санкт Лоренц” мектеп-кешені мен Корнеев орта мектебінде болып, оқытушылармен кездесті. Серік Біләлов екінші нысанды жылылау керектігін айтты. Себебі ғимарат іші қысты күні қақап кетеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Жобалық сметалық құжат әзірлеп үлгересіздер ме? Еденді, терезелерді ауыстыру керек. Құжаттарды дайындап үлгерсеңіздер, біз бағдарламаға қосар едік.

Сондай-ақ, өңір басшысы “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС-не ат басын тіреді. Серік Біләлов мал шаруашылығын дамытуды қолға алған құрылымның жұмысымен танысты.

Толқын Бейсембаев, “Атамекен-Агро-Корнеевка” ЖШС директоры:
-Бүгінгі күні біз шаруашылыққа Америкадан 140 аналық ірі қара әкелдік. Олар 3 ай бейімделді. Малдарды күтетін жағдайымыз бар.

 

Корнеевка селолық округінің құрамына 4 елді-мекен кіреді. Онда 2,5 мыңнан астам халық тұрады екен. Өткен жылы тұрмыс деңгейінің төмендігі мұнда 0,3 пайызды құраған.


Айдана Демесінова