Спорт

Спорт мектептеріндегі ашық есік күні

 

 

 
«Жеңіс» олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына отыз жылдай уақыт болыпты. Сондықтан оның мұражайы түрлі кубоктар мен алқаларға толы. Облыс қана емес, ел деңгейіндегі, халықаралық дәрежедегі медальдар да бар. Балалардың экскурсиясы осы марапаттарды тамашалаудан басталды. Шараға барлығы 4 мектептің оқушылары қатысты.

Александр Рязанов, Петропавл қалалық ІІБ ювеналды полиция тобының инспекторы:
Мен № 8 орта мектептен 5 оқушыны әкеліп отырмын. Шарадан соң олардың спортқа деген қызығушылығы артады деген ойдамын. Бұл олардың денсаулығы үшін де, болашағы үшін де маңызды. Өйткені заңбұзушылықтардан аулақ болады.

Спорт мектебінде семсерлесу, бокс, ойын және күрес залдары бар. Әркім өзінің жанына жақын спорт түрін таңдай алады. Экскурсиядан кейін солардың біріне жазыламын деп шешкендер де бар.

Ер балалар мықты болып, қорғана білуі тиіс. Сондықтан мен күреске жазылсам ба деймін. Өте ұнайды.
Менің фехтованиеге жазылғым келеді. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленсем деймін. Сондықтан экскурсия өте ұнады.

Қозғалыс әсемдігі мен қимылдардың үйлесімділігі. Гимнастика – көздің жауын алатын ерекше спорт түрі. Оқушыларға осы спорт үйірмесінің жаттығулары да көрсетілді. Мұнда балалар 6 жастан бастап қабылданады.

Серікбай Сүлейменов, гимнастикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Бізде көркем, спорттық гимнастика және спорттық бимен айналысады. 428 бала жаттығады. Шара өте қажет.

Қазіргі таңда өңіріміздегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің үйірмелерінде 11 499 оқушы тегін жаттығады. Оның 5 900-і – облыс орталығының оқушылары.

Инеш Шоқақова