Денсаулық сақтау

Облыстық балалар ауруханасы 2012 жылды табысты аяқтады



 

Облыстық балалар ауруханасында бүгінде 9 бөлім жұмыс істеп тұр. Онда 300-ден астам адам еңбек етсе, олардың 50-і өз ісінің білгірі атанған жоғары санатты дәрігерлер. Қазіргі күні бұл жерде 324 бала ем қабылдап жатыр. Солардың бірі 1,5 жасар Айгерім. Қараша айында оның жүрегіне ота жасалыпты.

Жазира Мұстафина, Айгерімнің анасы:

-Қызымның денсаулығы қазіргі күні жақсы. Бұл үшін дәрігерлерге айтар алғысым шексіз.

Адам өмірінің арашашысы бола білген ақ халаттылардың еңбектері өлшеусіз. Тек бір жылдың өзінде балалар ауруханасының дәрігерлері 9225 бүлдіршінді дерттерінен айықтырған.

Нұрлан Айманов, облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары:

-Өткен жылы қыруар жұмыстар атқарылды. 10 мыңға жуық балаларды түрлі дерттерінен айықтырдық. Шалғай ауылдардағы балалардың денсаулықтары да үнемі бақылауымызда.Аудандарға шұғыл шақыртулармен де шығып тұрамыз. Осылайша екі баланы санитарлық авиациямен Астананың ауруханасына жеткіздік. Бүгінде денсаулықтары жақсы.

Елбасының жолдауында ұлт денсаулығы басты жолға қойылған. Бұл ретте мемлекет тарапынан медицина саласына айрықша көңіл бөлінуде. Мақсат халыққа сапалы медициналық көмек көрсету.

Олег Завьялов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

-Жоспарда қондырғыларды жаңарту бірінші орында тұр. Оны бөлінген қаржы және лизинг арқылы сатып алмақпыз. Таяуда компьютерлік тамограф жеткізілмек. Дәрігерлеріміз де үнемі біліктіліктерін арттырып отырады. Ота жасауды одан әрі жетілдіру тұрғысында облыстық аурухана хирургтерімен келісім орнады.

Дәрігерлер адам өмірін арашалап қалуда қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған мамандардың біліктіліктері де, емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасының да қуаты жеткілікті. Алайда әрқайсысымыз өз денсаулығымызға өзіміз жауапты екенімізді ұмытпағанымыз абзал.

Самат Есмағи