Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ұн үгу комбинаты «Парыз» жүлдесін иемденді

 

 

Мамлют ұн үгу комбинаты Қазақстанның астық нарығындағы қарқынды дамыған ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Өндірістік қызметтің негізін заманауи диірмен кешені және сыйымдылығы 146 мың тонна астық элеваторы құрайды.

 Любовь Байданова, «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС элеваторының пультпен басқару диспетчері:
– Барлық жұмыс осы жерде басталады. Қабылданған бидай кептіруге жіберіледі. Жұмыс қиын емес. Дегенмен, бәрін қадағалап отыру қажет. Сондықтан үлкен жауаптылықты талап етеді.

Ал швейцариялық автоматтандырылған құрылғылар бидайды үгіп, сағатына 12 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Осылайша құрылғының қуаты күніне 250 тонна дайын өнім алуға жетеді.  

 Фарух Абдулаев, «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС бас технологы, диірмен кешенінің бастығы:
-Бидайды мамандар қабылдап алғаннан кейін, оны бидай тазалайтын бөлімге алдын-ала тексеруге жібереді. Тазартылған соң диірменге жөнелтіледі. Үктірілген бидай диірмен бункерлері арқылы қоймаға жетеді.  

Үктірілген ұнды дайын өнім қоймасына ауыстырып, осы жерде өлшеп қаптарға салады. Ал  ұн толы қаптарды тасып- арту жүк тиегіш көлік жүргізушісінің жұмысы.

 Валерий Пестряков, «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС жүк тиегіш машина жүргізушісі:
– Бұл жерде 7 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысыма көңілім толады. Жоғары сапалы жүк көлігін жүргіземін. Қиын емес.

Комбинат өткен жылы 20 мың тонна ұн өндіріпті. Дайын өнімнің 98 пайызын ТМД елдері мен Ауғанстанға экспорттайды. Өткен жылы өндіріс көлемі 1,6 есеге артқан. Жалпы, Мамлют ұн үгу комбинаты 250 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорынның өнімі барлық санитарлық талаптарға сай. Сол себепті ұжымның еңбегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық байқауында жоғары бағаға ие болды. Бұл байқауда оларға экологияға қосқан үлесі үшін номинациясында күміс жүлде табыс етілді.

Анатолий Шрамко, «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС бас директоры:
Соңғы жылдары кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын жақсарту мен қажетті жағдай жасау үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсаттарға жылына жүз миллион теңгеден артық ақша бөлеміз.

«Парыз» байқауының жүлдесін кәсіпорын 2009 жылы да иеленген болатын. Ол жолы комбинат «үздік әлеуметтік кәсіпорын» аталымын жеңіп алды.

Әспет Әбдірешова