Құқық қорғау органдары

Әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу


 

Жылдап несиені, коммуналдық қызмет қарызын төлемейтін тұрғындар бар. Ал бұл заңбұзушылыққа жатады. Тиісінше, ол үшін айыппұл төленуі қажет. Қарыздарын қайтаруға асықпайтын борышкерлер де жетерлік. Өткен жылы облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің № 2 Петропавл аумақтық бөлімінде мұндай 40 мыңнан астам атқару құжаттары қарастырылған.

Динара Ташығұлова, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаменті  № 2 Петропавл аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы:
– Жалпы сомасы 135 млн теңге болатын 20 мыңнан астам әкімшілік айыппұл қайтарылды. Қарыздарын төлеуден жалтарғандарға күштеу шаралары қолданылады. Мүліктеріне шектеу қойылып, шет елдерге шығуға тыйым салынады.

Сондай-ақ қарыз толықтай өтелгенше, борышкерлердің көліктері айып тұрағына қойылады. Алайда мұндай шаралардың көмегімен де қарыздарды толықтай өндіру мүмкін болмай отыр. Бастысы, жауапты мемлекеттік органдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс. Дөңгелек үстел де осы мақсатта ұйымдастырылған.

Марат Сатыбалдин, СҚО ІІД әкімшілік полициясы басқармасының аға инспекторы:
– Әкімшілік айыппұлдарды өндіру жөнінде ІІД мен сот орындаушыларының арасында бірлескен жоспар жасалды. Облыс орталығында аптасына 2-3 рейд жүргіземіз. Нәтиже бар. Сондықтан жиында алдағы жоспарларымызды талқыламақпыз.

Сол жоспар нәтижесінде мемлекет қазынасы толығатын болады.

Инеш Шоқақова