Денсаулық сақтау

Тұмауратқандар әзірге жоқ



 

Өткен аптаның өзінде ғана өңірде жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандардың саны 911-ге жетіпті. Бұл – өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 197 адамға көп. Ал, тұмау, әзірге, тіркелген жоқ. Негізінен санитар дәрігерлер тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияның тарау қаупі күн күрт суытқан кезде күшейеді дейді. Сондықтан да, қоғамдық орындарда бетперде тағып жүруге кеңес береді.

Фарида Мұхамеджанова, Мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:
Биыл жұқпалы дерттің эпидемиялық жағдайы тұрақты. Бірақ та, індетке шалдығып қалудың қаупі әлі бар. Жүргізілген сараптама нәтижесінде біздің аумақта тұмаудың Б түрінің вирусы бар екені анықталып отыр.   

Қазақ мектеп-гиназиясында желтоқсан айында жедел респираторлық вирустық инфекциямен 28 бала ауырған екен. Аурудың белең алмауына алдын ала жүргізілген екпе жұмыстары оң ықпалын тигізіпті.

  Дина Қожахметова, қазақ мектеп-гимназиясының мейірбикесі:
Тұмауға қарсы оқушылардың арасында тегін вакциналау жыл сайын жүргізіледі. Ата-аналардың келісімі бойынша биыл 120 балаға екпе егілді.  

2012 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа тегін екпе жұмыстарын жүргізу үшін 65 мың вакцина алыныпты. Ол халықтың 12 пайызына егілген екен. Енді санитар мамандар тұмауға қарсы вакцина жыл соңына дейін ақылы түрде егіледі дейді.

Гүлбану Ахметова