Көлік және жолдар

Қазақстан Евро-3 стандартына көшті

 



Жол полициясы деректеріне сүйенсек, қазіргі күні облысымызда 110 мыңның үстінде автокөлік бар екен. Олардың 80 пайызға жуығы шетелдік. Әрқайсысының шығарылған жылдары әр түрлі. Еуростандарттарға енгені бар, енбегені бар. Десекте оларға елімізде ешқандай шектеу жоқ. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген ЕВРО – 3 стандарттарында сырттан әкелінетін шетелдік көліктерге қойылатын арнайы талаптар бар.

Сән Жұмағазина, СҚО КБД “Петропавл-кедендік ресімдеу орталығы” кеден бекетінің маманы:

-2007 жылдың 29 желтоқсанындағы ҚР үкіметінің №1327  қаулысы негізінде 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, салмағы 400 келіден жоғары немесе жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын елімізге енгізілген автокөліктердің зиянды заттар шығаруына қатысты талаптар туралы Евро-3 экологиялық кезеңінің техникалық регламенті күшіне енді.

Жаңа норманың енгізілуі қоршаған ортаға аса көп зиянды заттар шығаратын көліктерді бірте-бірте азайтып, экологияны жақсартуды көздейді. Мәселен түтіннің құрамында адам ағзасына зиянды 200-ден астам заттар болады екен. Ендігі жерде евро-үш стандарттары бойынша елімізге тек 2007 жылдан былай шығарылған көліктер ғана енгізілмек.

Сән Жұмағазина,СҚО КБД “Петропавл-кедендік ресімдеу орталығы” кеден бекетінің маманы:

-Осы орайда автокөлік құралдарын кедендік ресімдеуге сауалдарыңыз болса, Петропавл қаласы, Ғ.Мүсірепов көшесі 34 б мекен-жайы бойынша “Петропавл-кедендік ресімдеу орталығы” кеден бекетінің ақпараттық кеңес беру пунктінен ақпарат алуларыңызға болады.

Экологияны сақтау керек, оған дау жоқ. Бірақ стандартқа сай шетелдің қымбат машиналарын сатып алуға халықтың көбінің шамасы келмейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 3,5 млн бірлікке жуық көліктің 85 пайызын  ескірген автокөліктер құрайды екен. Ал сырттан келетін арзан қолдылары тоқтатылатын болса, онда қарапайым тұрғындар жаяу қалуы мүмкін.

Самат Есмағи