Қайырымдылық

Қаңғыбастарға қамқорлық



 

Бомбадан қорғанатын орын кеңес заманында салынған. Көпшілікке ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келген құпия нысанның есігі 1 ай бұрын ашылыпты. Жертөле әйтеуір кәдеге жарап, қызығын қаланың тұрғылықты мекені жоқ жандары көріп жатыр. Юрий Ладиннің көше қаңғып жүргеніне 16 жыл болыпты. Солтүстіктің ызғарлы сары аязына төтеп берудің қамында осы жерден пана тапқан.

Юрий Ладин:

Абақтыдан шыққанда бостандықта жұмыс таба алмай налыдым. Уайымымды арақпен шайып, маскүнемдікке салындым. Зиянды әдетімнен арыла алмай, құжаттарымды жоғалтып алдым. Талай уақыт дала кезіп денсаулығымды құрттым. Қазір мұнда жататын орным, жарық, су бар. Ішке жылу қосылған. Ыстық тамақ әкеліп тұрады. Бір сөзбен қыстап шығуымызға бар жағдай жасалынған.   

Мұндағы 40-қа тарта қаңғыбасты күнара бір мезгіл ыстық тамақпен облыстық “Қызыл ай қоғамы” қамтып тұрады екен. Бүгінгі ас мәзірі ет қосылған сорпа мен қарақұмық ботқасы, нан мен шай. Тойымды тағамнан дәм татылған соң әрбіріне жылы киім-кишек, көрпе, жамылғылар үлестірілді. Бұның бәрі қайырымдылық шараларының аясында жиналған заттар.

Сәуле Оразова, “Қызыл ай қоғамы” СҚО филиалының төрайымы:
Қызыл ай қоғамы өткен жылдан тұрғылықты мекені жоқтарды қыс мезгілінде тамақтандыруды қолға алды. Бұндай игі іс сондай-ақ Қарағанды мен Семей қалаларында жүргізіледі. Бізге қайырымды жандар көмектеседі. Оларға керексіз заттар қаңғыбастарға өте қажет. Медициналық колледж студенттерінен құрылған белсенділер де жақсы көмек көрсетеді.  

Мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде 500-ге жуық қаңғыбас бар. Облыс орталығындағы әлеуметтік бейімдеу мекемесі 50-ақ адамға шақталған. Сондықтан қыста құбыр жағалап үйренген әдеттеріне биыл да басқандар бар екені даусыз. Осыған орай қоғамдық бірлестіктің белсенділері ондайларға арнап тағы бір тамақтану пунктін ашыпты.

Жеңіс Ермұқанов