Ауыл шаруашылығы

Омарташылар жазға қам жасауда


Людмила Житенконың ара шаруашылығымен айналысқанына 15 жыл болған. Жолдасымның осы кәсіпке ден қойғанын көріп, қызығып кеттім дейді. Бұл іске кіріспес бұрын, теориялық білімін шыңдапты. Ара шаруашылығынан сыр шертетін 41 оқулық пен көптеген жорналдардан қажетті білім жиған көрінеді. Бұл саланың қыр-сырын меңгерген ол қақаған аязды күндері де жәндіктерді баптап, қыстан аман алып шығады. Омарташы күн сайын қардың қалыңдығын өлшеп, артығын алып тастайды. Жәндіктердің үйіне айналған төмпешіктің температурасын да қадағалап отырады екен.Людмила Петровна араның корпат тұқымын өсіреді екен. Оларды күтіп-баптау – 59 жастағы азаматшаның сүйікті ісіне айналған. Қарауында араның 20 ұясы бар екен. Оның бір ұясынан омарташы биыл шамамен 1 фляга бал жиыпты. Людмила Петровнаның тұрақты клиенттері бар екен. Сондықтан денсаулыққа пайдалы өнімді өткізу еш қиындық туғызбайтын көрінеді. Қарақұмық балын 1200 теңгеден сатады екен.

Людмила Житенко, омарташы:
Ара шаруашылығымен айналысу қатты ұнайды. Көктемді асыға күтемін. Өйткені нағыз жұмыс сол кезде басталады. Бұл іс денсаулыққа да өте пайдалы. Араны күту қиын іс. Барлығын уақытында жасап отыру керек. Күз мезгілінде балды жинау ауыр. Себебі аралар ұшып келіп, шағады»  

Жалпы өңірімізде мыңға жуық омарташы бар екен. Олардың 100-ден астамы қауымдастықтың құрамына енген. Осы жылы қауымдастық қала сыртында ара базасын ашуды көздеп отыр. Онда балды өсімдіктер өсірілетін болады. Сондай-ақ бұл жерде омарташыларға қажетті заттар сатылмақ.

Олег Гаврилов, СҚО омарташылар қауымдастығының төрағасы:
Ара шаруашылығымен айналыса бастау үшін алдымен 5 ара ұясын сатып алған жөн. Жалпы орташа алғанда 40 мың теңгеден астам қаражат кетеді. Бұл саламен айналысу еңбекқорлықты, шыдамдылықты қажет етеді.

Бал өнімін өткізуде қиындықтар туындайды дейді Олег Гаврилов. Өйткені омарташылардың саны жыл санап артып барады екен.

Айдана Демесінова