ТКШ

ТКШ-ны жаңғырту

 

 

Бұл мақсатқа қазынадан бөлінген қаржы 1 миллиард теңгеден асады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдауды дер кезінде пайдаланып қалуды Қазақстан Конституциясы, 29 және Мир көшесіндегі 288 үйлердің тұрғындары бірауыздан шешкен.  

Қазақстан Конституциясы көшесіндегі 29 үйдің ірге тасының қаланғанына 40 жылға жуық. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Себебі пәтер иелері кооперативі жоқ.Бір сөзбен айтқанда, өткен жылдың жазына дейін иесіз болып келіпті. Алайда мәселе шешімін тауып, тұрғын үйді “Волна” өндірістік кооперативі өз қанатының астына алған. Бүгінде 25 пәтерлі тұрғын үйдегілер мәселелерін толығымен шешіп алыпты. Бұл мақсатқа 9 миллион теңге жұмсалған.

Иван Ратушный, “Волна” ӨК төрағасы:

-Үйдің шатыры, балкондары жаңартылып, кіре берістеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жертөледегі жылыту кешенін де алмастырдық. Оған қажетті 70 мың теңгені тұрғындар өздері жинады. Ішкі температура нормаға сай. Жылу есептегіш құрылғысын орнаттық. Әр пәтерден 1 шаршы метрге 20 теңгеден ақша жиналады.

Ауқымды жұмыстардың барлығы “Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған. Мир көшесі, 288 мекенжайына үш үй кіреді. Қазіргі күні олардың шатыры ауыстырылу үстінде. Жалпы аумақ 180 шаршы метрді құрайды.

Надежда Гончар, “Вистиа” ПИК төрайымы:

-Үш үйдің шатырын алмастыруға бағдарлама арқылы 26 миллион теңге қаржы алдық. Жөндеу жұмыстарын қазанның 30-да бастаған болатын, осы айдың соңында тәмамдалмақ.

Алғашында аталмыш бағдарламаға үрке қараған тұрғындардың бүгінде күдіктері сейілді. Мемлекеттің көздегені – олардың қалтасын қағу емес, керісінше баспана мәселесін шешуде қарапайым халыққа қол ұшын беру.

Валентина Остраух, тұрғын:

Жаңбыр жауған сайын төбемізден су ағатын. Ал шатырды өз қаржымызбен алмастыруға шамамыз келмеді. Сондықтан бағдарламға қатысуға ниет еттік.  

Еліміз бойынша қолға алынған бағдарлама өз нәтижесін беруде. Тек біздің өңіріміздің өзінде 2011-дің қазаны мен 2012-нің мамыр айлары аралығында 46 үй жөндеуден өткен.

Болат Омаров, “Петропавл қалалық тұрғын үй қызметі” ЖШС директоры:

– 2012 жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде тұрғын үйлердің жағдайын жақсартуға 103,3 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Ол толығымен игерілді. Бюджеттен биылға қарастырылған сома 1,6 миллиард теңгені құрайды. Оған облыс орталығындағы тағы 60тан астам көпқабатты үй жөнделеді.

Егер де пәтеріңіз суық болып, жаңбырлы күндері төбеңізден су сорғалап жатса, ол мәселені шешуде “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасына жүгінгеніңіз жөн. Сол кезде ғана бұл проблеманы түбегейлі шешуге болады.

Самат Есмағи