Мәдениет

“Есімдері ел есінде” атты кітаптың тұсаукесері

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Абай Бөлекпайұлы Тасболатов өз өмірін еліміздің ішкі әскерімен байланыстырған жан. Десек те оқыған-түйгенін ақ қағазға түсіріп, тағылымы мол кітап жазудан да кенде емес. Оқырмандарға Елбасының   Қарулы күштерді құрудағы және дамытудағы рөлін ашатын “Жоғарғы Бас қолбасшы – әскери қауіпсіздік кепілі”, “Қазақстанның әскери тарихы” “Дауылпаз баба – Қожаберген” және тағы басқа да кітаптарымен танымал. Бұл жолы Мәжіліс депутаты әдебиет сүйер қауымға сиясы кеппеген тағы бір еңбегін ұсынды. Ол “Есімдері ел есінде” деп аталады. 

Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, кітап авторы:

-Жаңа кітаптың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Онда әріден айтқанда Қожаберген жыраудан бүгінгі тарихымызға дейін көрініс тапқан. Кітаптағы батырлардың барлығы біздің жерлестеріміз. Осыны мақтан тұтуымыз керек.

Тың туынды облысымыздың тарихынан сыр тарқатады. Кітаптан ықылым замандардан өңірімізден шыққан қол бастаған батырлар, би-шешендер мен басқа да өр тұлғалы азаматтарымыз жайлы мол мағлұмат алуға болады.

Таңат Сүгірбаев,  “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Мұнда еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі бүгінгі ұрпақ біле бермейтін талай арыстарымыздың есімдері аталған.

Сиясы кеппеген кітаптың өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор дейді жиынға қатысушылар. Ондағы есімдері жазылған тұлғалардың ерліктері мен өмір жолдары кім-кімге болмасын өнеге. Ол жандардың барлығы өз отанының патриоттары.

Самат Есмағи