Денсаулық сақтау

Облыстық ауруханадағы жаңа рентген аппараты



Сандық нұсқадағы жаңа құрылғы облыстық аурухана дәрігерлерінің жұмысын біршама жеңілдетіп, мол мүмкіндіктер ашып отыр. Итальяндық «Оpera» фирмасының рентген-диагностикалық жүйесі аппараты медицинаның көптеген салаларында кеңінен қолданылады. Қазақстанда мұндай қондырғы екеу ғана. Оның бірі біздің облыстық ауруханаға бұйырыпты. Итальяндық аппарат жоғары дәлдікпен рентген суретіне түсіруге, белгілі бір бөлікті үлкейтіп қарауға мүмкіндік береді екен. Жалпы, жабдық арқылы жылына шамамен 6 мыңнан астам азаматты тексеруге болады дейді ақ халаттылар.

Николай Лейченко, облыстық аурухананың сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі:
Бұл жабдықтың әмбебап үстелі 3 жұмыс орнына арналған. Аппараттың алдыңғылардан артықшылығы – сәулелендіруден түсетін зияны біршама аз. Тағы бір ерекшелігі мұнда рентген суретін қарапайым пленкада да сондай-ақ, сандық рентген суреттерін де жасай аламыз. Бұл аппаратпен жұмыс істеу өте ыңғайлы.  

Облыстық аурухана үшін өткен жыл жемісті болған көрінеді. Лизинг жүйесі арқылы емдеу мекемесі 275 млн теңгенің 16 медициналық жабдығына қол жеткізген. Сапалы медициналық көмектің спектрі жыл сайын кеңейіп келеді. Өткен жылы мұнда 10 мыңнан астам адам стационарлық емдеуден өтіпті.

 Юрий Белоног, облыстық аурухананың бас дәрігері:
-2000 жылы сатып алынған компьютерлік томографтың жұмыс істеу мерзімі аяқталды. Өңір жетекшісі бұл жағдайға түсіністік танытып, облыс бюджетінен қаражат бөлді. Қаңтар, ақпан айларында 90 млн теңгенің заманауи компьютерлік томографы жеткізіледі.

Келесі аптада емдеу мекемесі жаңа офтальмологиялық лазерге қол жеткізеді. Бұл солтүстікқазақстандық дәрігерлерге көз торына ота жасауға жол ашпақ.

Айдана Демесінова