Энергетика

Энергетиктер мен тұтынушылар бас қосты


 

Мұндай кездесулерді энергетиктер де, тұтынушылар да күтеді. Өйткені бірі атқарылған жұмыстарына есеп берсе, келесілері өз мәселелерін тікелей айта алады. Ал көкейде жүрген сауалдар аз емес. Негізінен энергиямен қамтушы кәсіпорынның жұмысына қатысты. Сондықтан жиында қызу пікір-талас аз болмады.

Жеңіс Файзулин, зейнеткер:
Мендегі есептегіш құрал 2006 жылы мемлекеттік тексерістен өткен. Маған көптарифті құрал керек деген қағаз келіпті. Коммуналдық үйде тұрғандықтан бізге ол керек жоқ.

«Осы және өзге де мәселелерді шешуге тырысамыз»,- дейді энергетиктер. Сондай-ақ олар тұрғындардан қарызды қайтару мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда тұтынушылар электр қуатына 150,5 млн, жылу энергиясына 332,6 млн теңге қарыз екен. Аудандардың борышы – 99,7 млн теңге.

Тамара Пашкова, «Севказэнергосбыт» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
«Севказэнергосбыт» ЖШС 159 мың 932 тұтынушыға қызмет етеді. Оның 96 пайызы – жеке тұлғалар. Біз қызмет ақысын дер кезінде төлемейтін тұтынушылармен әрдайым жұмыс жүргіземіз. Нәтижелері де бар деп ойлаймын.

Сот актілерін орындау департаментінде борышкер тұтынушыларға қатысты 47,7 млн теңгенің 1170 ісі бар. Осындай кездесулер арқылы энергетиктер тұтынушылармен тығыз байланыс орнатпақ.

Лилия Шерина, «Севказэнерго» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:
Жиында энергия үнемдеу, электроэнергияға қосылу мәселелері талқыланбақ. Тұрғындармен сауалнама жүргізетін боламыз. Осының арқасында оларды алаңдатқан сауалдарға жауап іздейміз.

Бұл мәселелерді толықтай қамту үшін тағы бірнеше дөңгелек үстел өткізуге тура келері анық.

Инеш Шоқақова