Қоғам

Журналистер мен баспасөз қызметтерінің әріптестігі

 

Жаһандану кезеңінде қоғамға қажетті әр жаңалықты жедел әрі мардымды етіп таратудың маңызы аса зор. Бұл үрдісте орақ тілді, от ауызды журналистер соңғы уақытта түрлі ведомствалардың баспасөз қызметіне арқа сүйеп жүргендігі анық. Өзара нақты мәлімет алмасуды тиімді ете түсу бір мүддені көздейтін қос жақтың басқосуының өзегіне айналды.

Елена Скакунова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің баспасөз хатшысы:
Біздің департамент БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Әр рейдте шақырып тұрамыз. Өйткені өзгелердің қателіктерін көпшілік іс жүзінде көріп, сабақ алады. Осы тұрғыда екі жаққа да тиімді деп ойлаймын. Ал бүгінгі жиында олқы тұстарымызды жетілдірудің жолдарын бірлесіп шешуді ұйғардық.   

Өңірімізде тек қана мерзімді басылымдардың саны 600-ден артық. Баспасөз хатшыларына барлығының бірдей сұранысын қанағаттандыру оңай шаруа емес. Өз ісіне жаупсыздық танытқан хатшының хабарламасындағы қателік мыңдаған оқырмандар мен көрерменге сол күйінде жетіп жататын кездер де болады. Қаламды серік еткендер көп жағдайда келіп түскен мәліметті нақтылауға асықпай жатады.

 Мадина Балғашұқова, СҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Біздің жұмысымыз таңғы 7-ден басталады. Алдымен БАҚ өкілдерінің мониторингін талдап, сараптап шығамыз. Баспасөз хатшысы жан-жақты бола білгені абзал. Ең бастысы міндетіне жауапты болуы керек. Бізде жылына 7 мыңнан артық материал шығады. Әрбірін 7 рет өлшеп, бір рет кесуге тырысамыз.  

Дөңгелек үстелге жиналғандар бұқараға уақтылы әрі нақты ақпарат жеткізу үшін барлық құрылымдар бірлесіп, іс атқаруы керек деп шешті.

Жеңіс Ермұқанов