Денсаулық сақтау

Парламент депутаттары емдеу мекемелерін аралады

 

 

Халық қалаулылары алдымен облыстық онкология диспансерінде болды. Бас дәрігер Ермек Әбдірімов Парламент Мәжілісінің депутаттарына аурухана мүмкіншіліктерін көрсетті. Мұнда науқастарды ұзын-сонар кезек күтпеу үшін 2 топқа бөліп қабылдайды.  

Ермек Әбдірімов, облыстық онкологиялық
диспансердің бас дәрігері:
– Алдын ала анықталған ауруды емдеу – оның дамуына тосқауыл қояды. Біз тек обырды анықтап қана қоймай, ісіктің алғашқы белгілері М-4, М-5-пен онкологтар, М-2, М-3 белгілерімен гинекологтар айналысады. Жатыр мойнының ісігіне қатысты 22 мың  жанды тексердік. Нәтижесінде 14-і онкологиялық, 790 ісіктің алғашқы белгілері анықталды.  

Халық қалаулыларын балалардың жағдайы да алаңдатты. Бүгінде облысымызда гематологиялық аурулар бойынша тіркеуде тұрғандардың саны – 220. Оның 100-і – балалар екен.

Надежда Петухова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізге көп шағым келіп түседі. Яғни, жастайынан ауырған балалар 15 жастан асып, ЖОО түскен соң науқастанғанына қатысты анықтамаларын жоғалтып алады. Сондықтан, олардың диагноздарына қатысты мәлімет әр ауруханада сақталуы қажет.  

Мәжіліс депутаттары ауруханада ем-дом алып жатқан науқастардың жағдайын да көрді. Елена Рузманованың диагнозы – жатыр мойынының ісігі. Жарты жылдан бері емделіп жатыр. Білікті дәрігерлердің арқасында тез айығып кететініме сенімдімін дейді ол. Бүгінде қатерлі ісік ауруына шалдыққандардың саны 14 пайызға өскен. Бірақ, өлім-жітім 0,2 пайызға кеміпті.Бұл жағдай өткен жылғымен салыстырғанда тұрақты екен.

Халық қалаулылары облыстық қан орталығына да барды. Мұнда олар қанды жинайтын бөлімнің жұмысымен танысты. Мұнда ақ халаттылар адамдарды демалыс күндері де қабылдайды. Жаңа заманауи құрылғылардың арқасында дәрігерлердің жұмысы біраз жеңілдеп қалыпты. Қан орталығына күніне 30 адам келеді екен.

Сабыржан Тәукелов, облыстық қан орталығының директоры:
Тегін қан тапсырушылардың саны 2010 жылы 7 мың 200 болса, 2 жылдың ішінде 50 пайызға өсіп, 10 мың 680-ге жетті. Жалпы донорлардың саны – 4 мың 900-дан 6 мың 500-ге өсіп отыр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары екі нысанды аралап, мүмкіндіктерімен танысқан соң, өңірімізде денсаулық сақтау саласына жоғары баға берді.

Надежда Петухова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Облыстық қан орталығы қазіргі талаптарға сай құрылыпты. Және халықаралық деңгейде қызмет көрсетеді. Бұл қанға мұқтаж адам гепатит А,В,С белгілерін жұқтырудан аулақ болады. Енді, онкологиялық диспансердің жағдайына келетін болсақ, аурухана ұжымы жаңа емдеу тәсілдерін енгізуде. Бұл – тексеру, диагноз қою және ең бастысы емдеу.

Депутаттар аймақтардағы онкологиялық диспансерлердің бірлесіп жұмыс істегендері абзал дейді. Өйткені ісіктің алғашқы белгілерінің алдын алу өңірлерде өзекті мәселе болып отыр.

 Гүлбану Ахметова