Мәдениет

Суретші Юрий Поповтың жеке көрмесі

 

 

Қылқалам шеберінің жеке көрмесі Петропавлда он жыл бұрын өткен. Суретші еңбектері жергілікті көрерменмен екінші рет қауышты. Бұл жолғы шараның орны айырықша. Себебі ҚР Мәдениет қайраткері Юрий Поповтың шығармашылығына 40 жыл және оның бүгін туған күні. Көкшетаулық қылқалам шеберінің жеке көрмесіне көптеген суретшілер жиналды.   

Владимир Новгородсов, суретші-дизайнер:
Суретшінің жұмысына қарап өзінің жеке стилінің қалыптасқандығын байқайсың. Бұл дүниелерге қарап, көзің тоймайды. Себебі адамды жалықтырмайды. Өз жұмысына ұқыпты екенін де байқадым. Бұл барлық қылқалам шеберіне тән қасиет емес.  

Бүгінгі көрмеге суреттермен қатар қылқалам шебері жасаған вазалар, табақтар да қойылды. Негізінен Юрий Григорьевичтің шығармалары сан түрлі тақырыпты қамтиды. Бұдан басқа суретші ғимараттардың қабырғасын да безендірген екен. Айта кету керек, былтыр Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің алдына қойылған ғалым мүсінін Юрий Попов жасаған екен. Суретші шетелдік көрмелерді де жібермей, қатысып тұрады.

 Юрий Попов, ҚР Мәдениет қайраткері, Көкшетау қаласының суретшілер одағының төрағасы:
– Көрмеге қойылған дүниелердің барлығы менің туындыларымның жартысы ғана. Дені сиясы кебе қоймаған суреттер мен қолдан жасалған ваза және табақтар. Негізінен фарфор, желім, керамика материалдарынан жасалған.

Бүгінгі көрмеге Юрий Поповтың 100-ден астам туындысы қойылды.

 Гүлбану Ахметова