Құқық қорғау органдары

Құқық қорғау жүйесін реформалау барысы



 

Өткен жылы түзету мекемелеріндегі рақымшылыққа іліккен 15 сотталғанның жазасын өтеу мерзімі қысқартылыпты. 124-і рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шығарылған екен. Дегенмен, сол босатылғандардың шамамен 10 пайызы қайта қылмыс жасаған көрінеді. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Берік Жәмішев Елбасы Жолдауының аясында ҚР қылмыстық заңнамасы ізгілендіруге қарай жылжуда дейді. Яғни, тек жазалап қана қоймай, еңбек және оқыту арқылы тәрбиелеуге баса мән берілуде.Өткен жылы қалада әйелдерге арналған түзету колониясы ашылды. Онда бүгінде 200-ден астам әйел жазасын өтеуде.

Берік Жәмішев, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

-Олардың көбі қазір жұмыспен қамтамасыз етілген, әлі де жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Тігін цехы мен мектеп аштық 30 жасқа дейінгі білім жоқтарды оқытуға және кешкі кәсіптік-техникалық мектеп те жұмыс істейді.

Олардың денсаулығы да бақылауда. Мәселен, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан»  мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдегі түзету мекемелеріне 67 млн теңге бөлінген екен. Соның нәтижесінде бүгінде түберкулез ауруы азайыпты.
Баспасөз мәслихатында департамент қызметкерлері жуырда өткен кезектен тыс аттестаттауға да тоқталды. Олар сынақ қорытындысы көңіл көншітерлік дейді.

 Берік Жәмішев, СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

-439 адам 504 адамның арасында өздерінің сәйкестігін дәлелдеді. 11 адам жоғары лауазымға, ал 25 адам басқа лауазымға ауыстырылды. 16-сы төмендетілді. 20 адамның органнан кетуі туралы комиссия  шешім қабылдады.

Құқық қорғау органдарын реформалауға сәйкес биыл облыс бойынша арнайы атағы жоқ 38 қызметкердің погоны шешіліп, мемлекеттік әкімшілік қызметке ауыстырылыпты. Олардың жалақысы сол күйінде қалып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, кезектен тыс аттестаттаудан сәтті өткен қызметкерлердің еңбекақысы жаңа жылдан бастап 30 пайызға дейін көтеріледі.

Данаш Хамзина