Қоғам

Депутаттар Елбасы Жолдауын насихаттауда

Халық қалаулысы алдымен облыстық сауда-өнеркәсіп палатасында болды. Онда Светлана Романовская кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Әңгімеге арқау болған тақырып “Қазақстан -2050″ стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Елбасының халыққа арналған биылғы жолдауы. Жиын барысында мәжіліс депутаты құжаттың басым бағыттарына тоқталып, оны жүзеге асыруда бір адамдай еңбек ету керектігін атап көрсетті. Бүгінде еліміз экономикасы қалыптасқан мемлекеттер арасында 51 орынға табан тіреді. Ендігі міндет – үздік үштік қатарынан көріну. Алайда бәсекеге қабілетті ел болу үшін бірінші кезекте әр адам өзін бәсекелестікке төтеп беретін тұлға ретінде қалыптастыру қажет деді елордалық мейман.

Светлана Романовская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

-Көздеген мақсатым  – Елбасының биылғы жолдауын әр адамға жеткізу. Оны жан-жақты талқылап оның қарапайым халыққа қаншалықты тиімді екендігі жайында ақпарат беру. Сол арқылы олардың әрқайсысының өз өмірлерін түбегейлі өзгертулеріне жағдай жасау. Жолдау жүктеген міндет осы.

Бұдан соң мәжіліс депутаты “Партнер Авто” серіктестігінің ұжымымен кездесті. Аталмыш кәсіпорын облыс орталығында қоғамдық тасымалмен айналысады. Қызмет түрі бір ізге қойылған. Светлана Романовская қол жеткізген жетістікпен шектеліп қалмай, сапаны одан әрі жақсарту керектігін тілге тиек етті. Себебі ол заман талабы. Әр мемлекеттің өсіп өркендеуі бірінші кезекте экономикаға тәуелді. Ал оны дамытуға әр адам өзіндік үлес қосуы керек.

Боскен Төлегенов, “Партнер Авто” ЖШС директорының орынбасары:

-Мұндай кездесулердің біздер үшін пайдасы зор. Жолдаудағы басым бағыттар жайында құлағдар болып, көкейлеріміздегі сауалдарымызды айтып, оған нақты жауаптар алдық. Әр адам басты құжаттан өзіне қажетті ой түйді деп ойлаймын.

Мәжіліс депутаты сондай-ақ облыс орталығындағы №8 орта мектепке де ат басын тіреп, онда ұстаздар қауымымен кездесті. Жолдауда өскелең ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударылған. Себебі ұзақ мерзімді қамтитын стратегиялық құжатты жүзеге асыруда Елбасы жастарға зор сенім артып отыр. Ал олардан көзі ашық, көкірегі ояу тұлға қалыптастыруда мұғалімдерге артылар жүк ауыр. Халық қалаулысы осыған баса назар аударып, бұл ретте білім саласы қызметкерлері күш-жігерлерін аямайтынына сенім білдірді.

Самат Есмағи