Kurultai banner mobile

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алқаптарда ылғал жиналуда

«Орловский» ЖШС қар тоқтатуды желтоқсанда бастапты. Міне, бүгін екінші із салмақшы. Бұл агротехникалық тәсіл егіс алқаптарында ылғал жинау үшін ерекше маңызды. Барлығы 2 700 га аумақтағы егіс жері өңделмек. Алқапта 5 трактор жұмыс істеуде. Механизаторлар құрамы да тәжірибелі. Александр Горенко солардың бірі.

Александр Горенко, «Орловский» ЖШС жұмысшысы:
Өткен жылы жаңа 8 Беларусь тракторы алынды. Жаңаның аты – жаңа. Жұмыс істеуге қолайлы, жұмыс та өнімді.

Қар тоқтатылған алқаптың әр гектары қосымша 3 центнерден өнім береді екен. Жалпы шаруашылықтың жыл сайын жинайтын астығы жаман емес. Былтыр кейбір алқаптардың гектар берекелігі 30-35 центнерге дейін жетіпті.

Владимир Орловский, «Орловский» ЖШС жетекшісі, Қызылжар ауданы:
Біз жыл сайын екі ізбен қар тоқтату тәсілін жүргіземіз. Бұл шара жем-азыққа арналған біржылдық шөптерге дейін қолданылады. Өткен жылы «Қазагрофинанс» АҚ арқылы 6 комбайн алдық. Атқарылған істеріміз мол әрі сапалы астық алуға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Қызылжар ауданында 69 ЖШС, 1 командиттік серіктестік және 315 шаруа қожалығы бар. Барлығы 168 мың 200 га аумақта қар тоқтату жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Мұрат Хұсаинов, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі бастығының орынбасары:
Бүгінгі таңда 142 мың га қар тоқтатылды. Дәнді дақылдарды өткен жылы гектарынан 19,3 центнерден алдық. Ол агротехникалық тәсілдерді қолданудың арқасында.

Жем-азықтың мол болуы шаруашылық үшін маңызды. Өйткені «Орловский» ЖШС мал шаруашылығы саласын дамытуға да ден қойып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 60 бас ірі қара алыныпты. 2 қазақтың ақбас бұқасы бар.

Валерий Сычев, «Орловский» ЖШС жұмысшысы:
Бұл тұқымдас ірі қара біздің климатқа бейімделген. Алғашқы 3 бұзауға күтім жасаудамыз. Сиырларды суық тәсіл бойынша, ағаш қорада ұстаймыз.

Алдағы уақытта мал басын 120-ға дейін жеткізу жоспарда бар.

Инеш Шоқақова