Қоғам

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік төлемдер өсті


 

1 қаңтардан бастап зейнетақының көтерілгенін аға буын өкілдері қуана қабылдады. 76 жасар Мнавара Муратованың құрметті еңбек демалысына шыққанына 20 жылдан асты. Жаңа жылда зенетақымыз қаншаға өседі екен деп, жағымды жаңалықты күтумен боламыз дейді қария.

МнвараМуратова, зейнеткер:
– Жыл сайын мемлекет тарапынан зейнеақымызды көтеріп отырады. Бұл өте жақсы көмек. Сондықтан алғысымыз шексіз.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысына сәйкес зейнетақы төлемдерінің мөлшері және базалық зейнетақы төлемдері 2013 жылғы  қаңтардан 9 пайызға көтерілді.

Арай Нұғыманова, әлеуметтік көмек және қолдау бөлімінің бастығы:
– ҚР «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сай 2013 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, күнкөріс минимумы – 18 660 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 1 731 теңге және ең аз зейнетақы мөлшері – 19 066 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 9 330 теңге көлемінде бекітілді. Күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты барлық мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік, әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерлері де көбейтілді.  

Арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың да мөлшерлері көбейтілді. 2013 жылы баланың тууына байланысты бір жолғы және бала бір жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне тағайындалатын жәрдемақыларды тағайындау кезінде 1731 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылатын болады.

Арай Нұғыманова, әлеуметтік көмек және қолдау бөлімінің бастығы:
– Биылғы жылы зейнетке шығатын зейнеткерлердің зейнетақы төлемін есептеу барысында айлық орташа табыстың да мөлшері 39 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керектігін ескертеміз. Сонымен қатар осы мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорынан аударылатын әлеуметтік аударымдарды есептеу барысында қолданылатын айлық табыс 186 660 теңгеден аспауы керек. Ол он еселенген ең төменгі айлық еңбекақы.

Бүгінде облыс бойынша 92 мың зейнеткер бар. 45 мың адам мемлекеттік жәрдем алса, 10 мың адам әлеуметтік төлем алады.

Әспет Әбдірешов