Ауыл шаруашылығы

Техника көктемгі егіске дайындалуда

 

Агроқұрылымдар қыста қолда бар техника паркін жөндеп, көктемгі егіс жұмыстарына қамдауда. Мүмкіндіктері барлары жаңа кешендерді сатып алады. «Сервис-Жарс» ЖШС-дегі техниканың саны 30-ға жуық. Егіс науқанында олардың бәрі тоқтамай жұмыс істеуі үшін осы бастан тексерістен өткізіп, жөндеу жүргізу керек дейді шаруашылық директоры Сергей Клименко.

Сергей Клименко, «Сервис-ЖАРС» ЖШС директоры:
– Кәсіпорында егіс немесе орақ науқаны аяқталысымен бірден сол кезде жұмылдырылған техниканы жөндеуге қоямыз. Қазіргі таңда біздегі техниканың барлығы дерлік көктемгі егіске дайын. Күн жылынғаннан кейін біз оларды қоймадан шығарып, бақылаудан тағы бір өткізіп, майларын ауыстырамыз. Содан кейін жұмысқа кіріседі.

Шаруашылықтың құрылғанына тоғыз жыл болған. Бүгінде оның машина-трактор  шеберханасында қажетті техникалық жұмыстар толығымен жүргізілуде. Жыл сайын агроқұрылым 6 мың гектар жерге егін егеді екен. Көктемгі егіске қажетті техникалардың бәрін жұмысшылар жауапты науқанға өздері қамдап жатыр.

 Николай Руденко, «Сервис-ЖАРС» ЖШС темір дәнекерлеушісі:
– СЗС-2-1 маркасының негізінде біз тұқым себетін машина жасап жатырмыз. Бұл кешен шетелдік кешенге ұқсас болуы тиіс. Көктемгі егіс кезінде осы машинаны пайдалана аламыз.

Жаңа құрастырылып жатқан техниканың бір артықшылығы – оған аса көп шығын қажет емес. Себебі шетелдік осындай жаңа құрылғыны сатып алу үшін 400 мың долларға жуық ақша қажет. Өткен жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығына қажетті 56 техника сатып алынған. Оның ішінде 30 комбайн, 9 трактор мен 2 Джондир бар.

 Әнуар Қожахметов, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сараптама жасау секторының меңгерушісі:
– Бүгінде Қызылжар ауданы бойынша 19 машина-трактор  шеберханасы бар. Оның ішінде қазір алтауы жұмыс жасайды. Жалпы ауыл шаруашылығы техникасын бақылап, тексеру жұмыстары күзден, яғни орақ науқанынан кейін басталады. Негізгі жөндеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Бүгінгі таңда техниканың 90 пайызы дайындықтан өтті, қалғанын наурыз-сәуір айында тексереміз.

Бүгінгі таңда Қызылжар ауданының агроқұрылымдарында 1 260 трактор мен 46 жоғары өнімді кешен бар.

Әспет Әбдірешова