Құқық қорғау органдары

Алаяқ қыз ұсталды

 

 

Ұрлық түбі  – қорлық. Облыстық қаржы полициясының қызметкерлері мемлекеттік бағдарламамен үй алуға көмектесемін деп азаматтарды алдаған алаяқты қолға түсірді. Айыпталушы Марияш қалалық әкімдіктің қызметкерімін деп жұрттың сеніміне кірген екен. 24 жастағы қыз үйге зәру болып жүрген азаматтарды пәтерді шамамен 10-12 мың АҚШ долларына сатып алуға көмектесемін деп алдаған. Осылайша арзан бағаға баспаналы боламын деген жерлестеріміз сандарын соғып қалды.

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
– Қазіргі уақытта алаяқтың қармағына іліккен 12 азаматтың арызы бойынша қылмыстық іс тергелуде. Оларға келтірілген залал мөлшері 26 млн теңгеден астам. Егер де тағы да осы алаяқтың қармағына іліккен азаматтар болса, департаментке келіп өтініш жазуға болады.

Алаяқтың арбауына түскендердің қатарында Федор деген жерлесіміз де бар. 28 жастағы азамат танысының нұсқауымен күдіктінің көмегіне жүгінген. Сөйтіп, 12 мың доллар көлеміндегі қаражаттан айырылды. Бұл соманы ол несиеге алыпты. Енді жапа шегуші 3 жыл қатарынан банкке айына 63 мың теңге төлеп тұруы тиіс. Оның Ирина есімді танысының бұл қылмыстарға қатыстығы анықталуда.

 Жапа шегуші:
– Көршіме қатты сенетінмін. Өйткені кезінде көмек көрсеткен. Алғаш рет алаяқпен далада кездескенбіз. Кейін нотариуста жолығып, тиісті құжаттарды рәсімдедік. Сотқа арыз жаздым. Менің пайдама шешілді. Алайда бізді алдаған азаматшаның еш мүлкі болмай шықты.   

Қазіргі уақытта тиісті жедел-тергеу шаралары жүріп жатыр. Алаяқтың 1 жас 2 айдағы баласы болғандықтан, әзірге ол соттың шешімімен үйде қамауда отыр. Заңға осылайша қайшы келген азаматша 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айдана Демесінова