Қоғам

Рождество мерекесі

 

 

 

Осыдан екі мың жыл бұрын қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні Иса Пайғамбар дүниеге келген екен. Назареттен келген Исаның алдына бүкіл әлемді өзгерту міндеті тұрды деседі. Оның қашан, қай жерде туатындығы белгілі болғандықтан, осы күні Вифлеемде өмірге келген барлық нәрестелер Ирод патшаның бұйрығымен өлтірілді. Бірақ періштелердің қолдауымен Иса Пайғамбар жарық дүние есігін ашты. Аңызға сәйкес, бұл сәтте аспанда ерекше сәбидің дүниеге келгенін паш еткендей бір жарық жұлдыз пайда болыпты.Сондықтан да осы түні дінге сенушілер шіркеуге барып, дұғасын оқып, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Ал бұл күнге дейін православтар 40 күн ауыз бекітеді екен.

Вера Волчкова:

-Бұл оразаны біз бір жыл күттік. Бірінші жұлдыз аспаннан көрінгенде дәм татуға болады. Осы кезден Рождество мерекесі басталады.

Облыс орталығындағы Вознесение шіркеуіне де бірқатар солтүстікқазақстандықтар жиналды. Христиандарды қасиетті мерекесімен құттықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов келді.

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:
-Бұл жарқын мейрам халық жүрегінде үміт оты, мейірімділік пен махаббат сезімдерін ұялатады. Президенттің өкімімен бұл күн 2005 жылдан жалпыұлттық мереке болып аталып өтіледі. Правоставтықтардың қуанышына барша көпұлтты қауым ортақтасуда. Солтүстікқазақстандықтарды осы мейраммен шын жүректен құттықтаймын.

Петропавл-Булаев епархиясының епископы да жиылған жұртқа игі тілектерін жеткізді.

 епископ Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының епископы:
-Христиан жұртына көңіл бөліп жатқан сіздерге деген алғысымыз шексіз. Жаңа жыл өркендеу жылы болсын деп тілеймін. Аспанымыз ашық болып, бейбітшілікте өмір сүре берейік.

Кейін жиылғандар дұға оқып, құдайға құлшылық етті. Иса Пайғамбар біздің жүрегімізде дейді олар.

Ирина Лапшина:
Иса Пайғамбармен бірге болуымыз керек. Ол туған қасиетті түні шіркеуге келіп, өмірімізге алғысымызды айтып, келесі жылға амандық тілеуіміз қажет. Күллі адамзатқа денсаулық, бақыт тілеймін.

Сиқырға толы бұл түні барлық адамзатқа Құдай көмек қолын ұсынады, рахымын жаудырады екен. Ал барша христиандар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, игі тілектерін арнайды.

 

Айдана Демесінова