Балалар

Аулалық клубтар арасындағы әскери-патриоттық жарыс

 

 

 

Мына жеткіншектер демалыс кезіндегі уақыттарын көңілді әрі қызықты етіп өткізуде. Балалар мен жасөспірімдер клубтарына қатысатын оқушылар бүгін өзара командаларға бөлініп, спорттық эстафета ойындарында бақ сынасты.

 Инна Шинкина, «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер клубының мүшесі:
-Менің «Жас батыр» клубына келгеніме 4 жыл болды. Бос уақытымда осындай шараларға қатысамын. Көбінесе командамыз алдыңғы орындардан көрініп жатады. Бүгін де жеңістен үміттіміз.

Облыс орталығында барлығы 21 клуб бар. Онда 3200-ге жуық оқушы өз уақыттарын тиімді өткізеді.

 Абылайхан Рақымжанов, «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер клубының ұйымдастырушы-педагогы:
-Бүгін бізде «Әскери спецназ дайындайды» атты әскери-спорттық сайыс өтіп жатыр. Осындай сайыстар жалпы балалардың әскери-патриоттық тәрбиеге деген қызығушылығын арттырады және олардың бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуге көмектеседі.

Спорттық ойын балалардың ептілігі мен шапшаңдығын бақылауға арналды. Сонымен қатар, спорттық сайыстан бөлек мұнда мақал-мәтел жарысы мен кімнің үй шаруасына ыңғайлы екенін бақылайтын сайыс өтті. Ойын нәтижесі бойынша «Қайсар» командасы үшінші орынды қанағат тұтса, «Жас батыр» ойыншылары екінші, ал «Родник» командасы бірінші орынға ие болды.

Тимур Несвельдинов, «Родник» балалар мен жасөспірімдер клубы командасының капитаны:
-Қарсыластарымыздың бәрі өте жақсы дайындықпен келген. Бүгінгі жарысқа қатысу арқылы одан өте жақсы әсер алдық. Демалыстың соңғы күнін қызықты өткіздік. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз.

Ойынға қатысқандарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Әспет Әбдірешова