Қоғам

Депутаттар өз сайлаушыларының мәселелерін шешуге көмектесуде

 

 

Халық қалаулысы Жасұлан Ахметов бүгінде өз сайлаушыларымен етене араласып, олардың мұң-мұқтажын шешуге атсалысып келеді. Депутат – билік пен қарапайым халық арасындағы көпір іспеттес. Көп жағдайда бұқара қордаланған мәселелерін шешуде билік басындағыларға жүгінетіні анық. Алайда оның бәрі уақтылы шешіле бермейді. Елбасы бұл тұрғыда депутаттарға ел ішіндегі ахуалды бағамдауды міндеттеген болатын.

Жасұлан Ахметов, қалалық мәслихат депутаты:

-Депутаттар корпусы өткен жылы аз жұмыс атқарған жоқ. Олардың сайлау алдында ұстанған бағдарламаларының барлығы Елбасы жолдауында көрсетілген негізгі басымдықтарға бағытталған болатын. Бұл ретте өткен жылы қыруар жұмыстар атқарылды. Демек басты құжаттағы негізгі тапсырмалар жүзеге асырылды деген сөз.

Депутаттың сайлаушыларының саны 8 мыңнан астам. Өткен жазда халық қалаулысы олардың тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығына жолдаған өтініш-тілектерінің жүзеге асырылуына жәрдемдесіпті. Соның арқасында Набережный, Гашек, Мир көшелерінің бойындағы жол жиектері қалпына келтіріліп, жаңа асфальт төселген. Ол мәселенің шешімін күткеніне 15 жыл болыпты.

Виктор Соловьев, “Учитель 67” ПИК төрағасы:
-Қарамағымда бірнеше үй бар. Ондағы қордаланған мәселелерді тек тұрғындардың көмегімен шешу мүмкін емес. Сондықтан өз округімізден сайланған депутатты шақырып, арыз-шағымдарымызды айттық. Ол кісі өтініштерімізді билік басындағыларға жеткізіп, оң шешімін табуына жәрдемдесіп келеді. Елбасы халық қалаулысы өз сайлаушыларының мүддесін қорғау керектігін міндеттеген болатын. Бұлар соны орындап жатыр.

Сайлауалды бағдарламаларында халық қалаулылары бар мәселелерді шешуге атсалысуға уәде ететіндері белгілі. Бірақ айтылған сөз қағаз бетінде қалмай, шын мәнінде жүзеге асырылып жатса нұр үстіне нұр.

Самат Есмағи