Денсаулық сақтау

Жаңа жыл түнінде дүние есігін ашқандар



 

Биылғы жаңа жыл Любовь Воеводинаның мәңгі есінде қалмақ. Өйткені бұл мереке түнінде ол екінші баласын дүниеге әкелді. Ұлды болған ана баласын Максим деп атаған екен.

 Любовь Воеводина:
Сәтті босандым. Дәрігерлер жаңа әдісті қолданды. Қиыншылықтар болған жоқ. Ақ халатты абзал жандарға ризамын.

Жалпы қаңтардың 1-і күні облыстық перинаталдық орталықта 12 сәби дүние есігін ашыпты. Олардың сегізі ер бала болса, қалған төртеуі қыздар. Соның ішіндегі 4 нәресте жаңа жыл түнінде өмірге келген екен. Аналардың барлығы сәтті босанды дейді дәрігерлер

Наталья Кисельникова, облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары:
Қазіргі уақытта жаңа жыл түні мен 1 қаңтарда босанған аналардың жартысы үйлеріне оралды. Қалғандары тексеріліп тиісті ем қабылдап жатыр. Босану уақытында әйелдің күйеуі,туысы не құрбысы қасында болып, қолдау көрсете алады. Материалдық-техникалық базамыз жақсы.

Жаңа жыл мерекесінде облыстық перинаталдық орталықтың 6 дәрігері мен 10-нан астам медбикесі жұмыс істепті. Оның ішінде Наталья Гаранина да бар. Ақ халатты абзал жан бұл салада 7 жыл еңбектеніп келеді. Нәзік жанды үшін мейрам емес, жанына жақын жұмысы маңыздырақ.

Наталья Гаранина, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинеколог дәрігері:
Мейрамдарға қарамастан, жауапты сәтте аналарға баласын тууға көмектесу біздің парызымыз. Сондықтан мерекеде де жұмыс істейміз. Бұл менің жұмысымда жаңа жылды алғаш рет қарсы алуым емес. Бұған дейін де осы мерекеде жұмыс істегенмін.

Ал 2012 жылдың 1-қаңтарында облыстық перинаталдық орталықта 4 нәресте дүниеге келіпті.  Жалпы өткен жылы өңірімізде 7 мыңнан астам сәби туыпты.

Айдана Демесінова