Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі іскерлік кеңесі таныстырылды

«Агроөнеркәсіп кешеніндегі Қазақстанның іскер кеңесі» қоғамдық бірлестігі агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімдік, мал, құс,сүт,балық шаруашылықтарын дамыту секілді бес бағытты көздейді. Себебі бұл салалардың барлығы да қолдауды қажет етеді.

Арман Евниев, «Агроөнеркәсіп кешеніндегі Қазақстанның іскер кеңесі» ҚБ басқарма төрағасы:

 

 

-Біз әр жобаны жүзеге асыруға қол ұшын береміз. Келісім-шарт жасасу, кедендік одақ заңнамалары бойынша құжаттар рәсімдеуде арнайы жасалған жүйеміз бар. Жалпы алғанда бес бағыт бойынша кластер құруды көздейміз.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік саясатты одан әрі дамытуда әр өңірде аталмыш басқарма филиалдарын құру қажет. Ол жергілікті жерлерде көзделген бес бағыттың жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік бермек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Біздің өңіріміз үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуда инвестициялық жобалардың маңызы зор. Ол жұмыс орындарын құруға, елді мекендерде жаңа технологияларды енгізуге сеп болмақ. Сонымен қатар өз өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін өсіруге мүмкіндік берері сөзсіз.

Жаңа жобаның агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуда тигізер пайдасы зор. Оны жиын барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аймақтар істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Михаил Трошихин да тілге тиек етті.

Михаил Трошихин, ҚР АШМ Ауылдық аймақтар комитеті төрағасының орынбасары:

-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуда нақты тапсырмалар берген болатын. Мемлекет тарапынан қаржыландыру да бар. Алайда олар тиісті деңгейде жұмсалмауда. Ал жаңа бағдарлама осы олқылықтардың алдын алып, оны оң жолға қоюға мүмкіндік береді.

Жаңа жобаға шаруалар тарапынан қызығушылық бар. Олар жиын барысында көкейлеріндегі сауалдарын ортаға салып, оған нақты жауаптар алды.

Яков Леонов, “Леонов” ШҚ директоры:

– Өз тауарларымызды өткізуге дайынбыз, бастысы нақты бекітілген бір баға болса. Делдалсыз жұмыс істеу біздерге де тиімді.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы аудан әкімдерінің орынбасарларына жаңа жобаны егжей-тегжейлі қарап, жуық арада ол туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді. Бағдарламаның кейінгі бет алысы содан кейін белгілі болмақ.

Самат Есмағи