Қоғам

Полицейлер мен дәрігерлер Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады

 

 

Жаңа жыл – отбасылық мереке. Кез-келген адам мейрамды жанұясымен қарсы алуға тырысады. Ал жауапты қызметтегілер үшін мұндай мүмкіндік әр жаңа жылда тие бермейді. Бұл тізімнің басында қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полицейлер тұр. Олар қазірден бастап, күшейтілген түрде жұмысқа кіріскен.

 Дәулет Теміров, СҚО ІІД жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:
– Облыстық ішкі істері бөлімдері 2012 жылғы 30 желтоқсан-2013 жылғы 2 қаңтар аралығында қызметтің күшейтілген түріне көшеді. Оқиға болған орындарда, қылмыстардың ізін суытпай ашу бойынша жедел топтар мен автокөліктер кезекшілікке шығады.  

Жаңа жылды жұмыста қарсы алатындардың қатарында  дәрігерлер бар. Бұл күндері ақ халатты абзал жандарға артылатын жүк жеңіл емес. Олар мереке кезінде медициналық көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын береді. Үшінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде бүгінде қажетті дайындықтың бәрі жүргізілген.

Станислав Гиричев, қалалық үшінші аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
– Негізгі бөлімдер, сонымен қатар, қосымша бөлімшелер мереке кезінде жұмыста болады. Лаборатория, рентген бөлімдері кезекшілікпен жұмыс жасайды. 18 дәрігер Жаңа жылды ауруханада қарсы алады. Қажет болған жағдайда қосымша мамандар жұмылдырылады.

Любовь Голованьның хирургия бөлімінде жатқанына бір аптадан асқан. Алғашқыда ішегіне ота жасалмақ болыпты. Бірақ дәрігерлер ауруды еммен қайтарған.

Любовь Головань, емделуші:
Барлығы жақсы, ақырындап сауығып келемін. Алайда жаңа жылды осында қарсы алуға тура келетін сияқты. Әзірге дәрігерлер қозғалмай жатуға кеңес берді. Медициналық персонал өте жақсы қарайды, барлығы уақытымен жасалады.

Дәрігерлердің қадағалауы бойынша палатаға бөгде адамдардың келуіне рұқсат етілмейді. Бұл емделушілердің денсаулығы үшін жасалған жағдай. Қандай мереке болмасын, адамдардың денсаулығы басты назарда болу керек дейді медицина саласындағылар.

Әспет Әбдірешова