Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасы Жолдауына арналған көрме



 

 

Зухра Ауғанбаеваны кітапхана залында кездестірдік. Саяси маңызды құжаттың мазмұны жайлы кеңірек мағлұмат алуға келдім дейді. Ол Елбасы Жолдауын шабыттана отырып тыңдағанын айтады. Әсіресе, өзі қызмет ететін білім саласына қатысты айтылған нақты тұстары көңілінен шығыпты.

Зухра Ауғанбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

-Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстан дамуының негізгі факторларының бірі ретінде – білім саласын назардан тыс қалдырған емес. «Тілдің үш тұғырлығы» бағдарламасы аясында қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін еркін меңгертіп, жеке тұлғаны бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу талабы қойылып отыр. Енді мұғалімдердің ең негізгі міндеті – оқушылардың қазақша сөйлеу тілін қалыптастыру.

Жалпы, көрме оқырмандардың зор қызығушылығын тудырып отыр дейді кітапханашылар. Мұнда Елбасы Жолдауынан басқа, елдің қалыптасу, даму кезеңдері жайлы 220 жаңа еңбек қойылыпты.

Қайыржан Мәлікова, кітапханашы:

-Бұл көрмені ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – Елбасы Жолдауын оқырмандарға түсіндіру және жалпы халықтың бойында ұлттық сана-сезім мен патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Бұл көрмеде кітаптар, газет-журнал материалдары, электрондық оқулықтар, дискілер де, суреттер де бар. Көрме үнемі жаңа материалдармен толығып тұрады.

Көрме бірнеше тақырыпқа негізделген. Мәселен, бір бөлігі толығымен Жолдауға арналса, келесілерінде экономика, қаржы нарығы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы да жеке-жеке жазылған. Мәселен, заң ғылымдарының докторы Бағлан Майлыбаевтың Президент Жолдауларын ой елегінен өткізіп, зерттеген еңбегі тұр. “Қазіргі Қазақстан – қоғамдық пікір” деп аталатын кітапта этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынас, азаматтық қоғамның қалыптасуы көрініс тапқан. Бір сөзбен айтқанда, көкірегі ояу, көзі ашық азаматтың зерделеуіне бұл жерде еңбек көп.

Данаш Хамзина