Бизнес және экономика

Баға – бақылауда



 

Қазір облыста азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қолға алынуда. Қаладағы сауда кәсіпорындарының басшыларымен 23 меморандум жасалыпты. Сондай-ақ, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің мамандары бағаларды күнделікті тексеріп тұрады. Облыс орталығындағы барлық базарлар мен дүкендер жіті бақылауда. Жаңа жыл мейрамы жақындап қалса, сұраныс артқан ас атасы – нанның, сүт, ет пен жұмыртқаның құны сол қалпында.

Евгения Сальникова, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:

– Бүгінде баға тұрақты, бағаның өскенін тіркеген жоқпыз. Мониторинг барысында тауық етінің келісін – 400 теңгеге, қаздың келісін – 1 000 теңгеге сатып алуға болатынын байқадық. Көкөністің те құны сол күйінде.

Дәстүрлі өткізіліп жүрген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бағаны тұрақтандыруға әжептәуір сеп. Қала тұрғындары арзан азық-түліктерін апта сайынғы демалыс күндері “Алтын арман”, “Дәрия”, “Корона” сауда орындарына барып, жәрмеңкеден сатып алуларына болады. Мұндай күндері тауар базар құнынан – 15 пайызға төмен саудаланады. Биыл барлығы 168 жәрмеңе ұйымдастырылып, 350 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі сатылыпты. Сондай-ақ, бұдан басқа өткен жылы құрылған тұрақтандыру қоры да бағаның ауыздығын тартып отыр.

Евгения Сальникова, қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы:

-Қазір Мир көшесі бойындағы коммуналдық базарда бірнеше сауда нүктесі ашылды. Оларда тұрақтандыру қорынан түскен жұмыртқалар – 150 теңгеден, күріш – 120, ал картоп – 50 теңгеден сатылады.

Сондай-ақ, қала тұрғындары да азық-түліктің бағасы қалта көтерерлік дейді.

– Баға қалай болды, солай қалыпты. Жалпы, еттің келісін – 1 200, ал қабырға етін – 950 теңгеге алып жүрмін.
– Жол жүру ақысы, жанар-жағармай, азық-түліктің құны өседі ғой.
Бірақ, жалақы мен зейнетақы қосылып жатыр. Сол себепті, айырмашылық аса сезілмейді.

Данаш Хамзина