Қоғам

27 желтоқсан – ұлттық аза тұту күні

 

 

Бүгін еліміздегі барлық мекемелерде мемлекеттік ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды. 25 желтоқсанда Астанадан Шымкентке бет алған АН-72 әуе кемесінде болған апаттан 27 адам қаза болды. Қайғылы оқиға кезінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 11 қызметкері, “Оңтүстік” аймақтық басқарма шекара отрядтарының 5 жетекшісі мен 3 жауынгері және 7 экипаж мүшесі бақилық болды. Шекарашыларды жергілікті 2032 әскери бөлімінің қызметкерлері сапқа тұрып, еске алды.

Құрман Елубаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің бастығы:
– Құрметті шекара қызметінің әскерлері, құрметті әріптестер, бүгінгі күн біздің елімізде қаралы күн. Біз өз қатарымыздағы қызметкерлерімізден осындай жағдайда айырылып отырмыз. Барлық мемлекеттік органдарда мемлекеттік ту түсіріліп, осындай қаралы митингтер өтіп жатыр. Мен өзім 2009-2011 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы департементі бастығының бірінші орынбасары қызметінде жүріп, Тұрғанбек Стамбековпен қатар қызмет атқардым.

Қаза болған Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбековты бұл қызметке Елбасы маусым айында ғана тағайындаған екен. Оның өз ісіне адал, еліміздің шекара қызметін кірпік қақпай күзеткен азамат болғанын мұндағы әріптестері күңірене еске алды. Қаза болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілетін болды.

Тайрахун Супиев, Петропавл шекара жасағының бастығы:
– Әрбір әріптестің отбасына көмектесеміз. Ақшадай ғана емес, кеше Елбасымыз үкіметке тапсырма берді. Үкімет қана емес, біздің ведомство да көмек көрсетіп, одан кейін аймақтарда бұл жағдайды бақылауға алып, қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Есімізде әрқашанда болады.

Қаза болған шекарашыларды 2032 әскери бөлімінің қызметкерлері бір минут үнсіздікпен еске алды.

Әспет Әбдірешова