Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жартығасырлық мерейтойы



 

Жарты ғасырлық тарихы бар институттың қалыптасу жолында түрлі ғалымдар еңбектенген. ҚР ҰҒА академигі Виктор Вернигордың басшылығымен ғылым ошағы алғашқы қадамдарын жасай бастаған. Мерейтой күні атақты ғалымға естелік ретінде мемориалдық тақта ашылды. Сондай-ақ енді институттың қызметі мен жетістіктерінен хабардар ететін жеке мұражайы болмақ. Марат Кінеев те кезінде 7 жыл бойы институтқа басшылық етіпті. «Оң өзгерістер ұйымшыл ұжымның арқасы», – дейді ғалым.

Марат Кінеев, ҚР Ауыл шаруашылығы ҒА академигі:
Алматының өзінде қой шаруашылығы институты, өсімдікті қорғау институтары қатып қалды. Ал біздің институт, керісінше, барша ауылды жылытты. Бұл ұжымның арқасы.

50 жылда – 200 жоба қорғалып, 70 кітап, монография мен 30 авторлық куәлік алыныпты. Бұл 38 ғылыми қызметкердің күнделікті жұмысының жемісі. «Өңіріміздің дамуы ғалымдардың ашқан жаңалықтарына тікелей қатысты», – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Елбасы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, мал шаруашылығын дамыту өте маңызды. Қазіргі уақытта ет экспортына деген сұраныс артып отыр. Бұл іске институт ғалымдары да араласып, өз үлестерін қосуда.

Олардың арасында ерекше еңбегімен көзге түскендер де бар. Мал және өсімдік шаруашылығы саласының дамуына үлесін қосқан ғалымдар облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Сондай-ақ өңір жетекшісі институт ұжымына «Газель» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Институт қызметкерлері сенімді ақтаймыз деп отыр.

Қанат Мыңжасов, «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС директоры:
Жаңарту мен жаңа технологияларды енгізу басты талап. Қазіргі басты проблема азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, экспортты ұлғайту. Біз бүгін 8 арнайы республикалық тапсырма бойынша жұмыс жасаймыз.

Ғалымдардың бұл міндеттерді орындары сөзсіз. Өйткені жыл сайын институт құрамы жас мамандармен толығуда.

Инеш Шоқақова