Қоғам

Петропавлдағы Президент шыршасы


 

Жаңа жыл – таңғажайыпқа толы мейрам. Ересектер де, балалар да мерекеден жақсылық күтеді, ой түпкіріндегі мақсаттарына жетуді тілейді. Жылдардың алмасуында арман орындалады деседі. Мерекелік кеште Елбасы барлық қазақстандық балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз елдің болашағы жастардың қолында, сондықтан кейінгі буынның алдында үлкен асулар мен мақсаттардың тұрғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

-Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңа жылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл – ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылменен құттықтаймын. Тәуелсіздік арқылы біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүние жүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер – осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы – сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалып жатыр. Барлық өңірде жаңа мектептер салынуда, интеллектуалдық мектептердің қатары арта түсуде. Сендер мектеп бітірген соң жақсы білім алуларың үшін Астанада халықаралық деңгейдегі университет ашылды. “Өнерлі өрге жүзер” деген дана халықпыз. Өнер – білімнің кені, өркенді елдің кені болыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын!”.

Облыс әкімі Серік Біләлов те өңір бүлдіршіндеріне игі тілектерін жолдады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Жаңа жыл бәрімізге бақыт әкелсін, молшылық пен жақсылық әкелсін. Біздің ұрпағымыз бейбіт заманда, бақытты өмір сүріп, бізді қуанта берсін.

Балалар кештен ерекше әсер алды. Олар Президенттік шыршаға қатысу екінің біріне бұйыра бермейтінін жақсы түсінеді. Залға оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген үлгілі балалар, ата-ана қамқорынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың жеткіншектері жиналған. Жаңа жылдық кеште кішкентай қонақтар “Алтын Батырдың сиқырлы кітабы” атты театрландырылған сахналық қойылымды тамашалады. Кейіпкерлермен бірге Қазақстан өңірлерін саяхаттап, өздеріндей дарынды жастардың өнерін тамашалады. Бұдан кейін Серік Біләлов, Аяз ата, Ақшақар мен балалардың барлығы бірге жаңа жылдық шыршаны жақты.Әр түрлі ертегі кейіпкерлерінің костюмін әзірлеп әкелген балалардың еңбегі де елеусіз қалмады. Көбісі – жыл символы Жыланды бейнелепті.
Президенттік шыршаны жағуға қатысу – әрбір баланың арманы болса керек. Айыртау ауданынан келген Виктория Некрута мақсатына жетті. Жеңіс те қолда. Ол – су жыланының киімін әзірлепті.

Виктория Некрута, бас жүлде иегері, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернатының  тәрбиеленушісі, Айыртау ауданы:

Мен 5-сыныпта оқимын. Оқу үздігімін. Менің ұсынып отырған костюмім – “Королева года” деп аталады .

Темірлан Есентеміров өз образын “Дана жылан” деп таныстырды. Ұзындығы 4-5 м болатын бейнені арқалап жүру де оңай емес. Дегенмен, Темірлан жігіттік танытты. Оған 1-ші орын бұйырды.

Темірлан Есентеміров, 1-орын иегері, Шөптікөл түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

Жыланым тұтас сымнан жасалды. Сосын, сәйкес матамен қаптадық. Сәтті шыққан сияқты. Басында тәжі де бар.

Даяна мен Эдуард, тіпті бір коллекция құрған. Екеуінің костюмі – “Жыл иесі және оның факирі” деп аталады. Яғни, ойнатылған сыбызғы үніне жылан билеуі тиіс. Даянаның Аяз атаға арнаған өлеңі де бар. Айтпақшы, Даяна әдемі костюмі үшін 2-ші орынды жеңіп алды. Жаңажылдық кеште балаларға тәтті-дәмді таратылып, жүлделі орындар иеленгендеріне ЖК теледидары, фотоаппарат, ойын приставкасы мен DVD-плэйер табыс етілді.

Данаш Хамзина