Өнеркәсіп

«Мұнаймаш» АҚ инновациялық жобасын таныстырды



«Мұнаймаш» АҚ-да бүгінде «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Мұнай өнеркәсібі қондырғылары өндірісін жаңарту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның құны – 1,5 млрд теңге.

 Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:
-Елбасы өз сөзінде Ұлттық компаниялар отандық өнімдерге көңіл бөліп, оны сатып алу керектігін айтқан. Бүгінде біздің кәсіпорын шығаратын өнім халықаралық стандартқа сай деп айтуға болады. Біз ұлттық компанияларды сапалы отандық өніммен қамтуға дайынбыз.

Жоба шеңберінде өндіріс ошағы 12 жоғары технологиялық озық құрылғыға қол жеткізді. Жапония, АҚШ, Бразилияда шығарылған жабдықтар еңбек өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік бермек. Осыған қоса металл өңдеу қондырғылары паркін жаңартып, ұңғыма штангалық сорғылардың қуаттылығын арттыруға, бұйымдарды әзірлеу уақытын қысқартуға, өнімдердің өзіндік құнын кемітуге жағдай жасайды. Сондай-ақ бұл қондырғыларға қосымша терминалдар орнатылған. Олардың саны – 13. Бұл жабдық арқылы станоктардың қай режимде жұмыс істеп жатқанын байқауға болады. Терминалдар жұмысшылар үшін ақпарат көзі болып табылады.

Сергей Литвинов, “Мұнаймаш” АҚ техникалық директоры:
Станокты жөндеу кезінде, жабдықпен жұмыс жасап жатқанда келеңсіздіктер туындаған кезде жұмысшы терминалдың көмегіне жүгіне алады. Әр станок маңына 1 терминалдан орнатылған. Қондырғының жұмыс уақытын, ауқымын, барлық ақпаратты осы терминалдан қарауға болады. Сондай-ақ 13-ші терминал бар. Мұннан барлық станоктардың жағдайын байқап, барлық ақпаратты алуға болады.

Соңғы жылдары кәсіпорын қызметкерлері арасында жастардың саны артып келеді. Бүгінде «Мұнаймаш» АҚ жұмыс істейтіндердің тең жартысы – кейінгі толқын өкілдері. Солардың қатарында Владимир Бахур да бар. Ол 2010 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәмамдап, «Мұнаймаш» АҚ жұмысқа орналасыпты. Бүгінде инженер-технолог қызметін атқарып, кәсіпорын өнімділігін арттыруда пайдасын тигізіп келеді.

Владимир Бахур, «Мұнаймаш» АҚ инженер-технологы:
Жаңа аппаратты меңгеру үшін РФ-ң Воронеж қаласында арнайы курстарда білім алдық. Бірқатар бағдарламалармен жіті танысып, жаңа заманауи жабдықтармен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендік. Өте ыңғайлы.

Индустрияландыру күнінде тікелей көпір арқылы «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы «Мұнай өнеркәсібі қондырғылары өндірісін жаңарту» жобасын Елбасының назарына ұсынды.

Сергей Григоренко, «Мұнаймаш» АҚ басқарма төрағасы:
«Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ескі 68 станоктың орнын алмастыратын 12 жаңа қондырғы сатып алынды. Бұл қазақстандық өнімнің үлесін 70 пайызға, өнім сапасын әлемдік стандартқа дейін жеткізуге жол ашады. Біз қазақстандық мұнайшыларды отандық өніммен қамтамасыз етіп, сіздің тапсырмаларыңызды орындауға дайынбыз.

Бұл жоба Президенттің қолдауына ие болды. Осыған дейін мұнай, газ саласының қондырғыларына қажетті қосалқы бөлшектер шетелден сатып алынатын. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев бастаманың маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені аталған тауар енді елімізде де өндірілетін болады. Ендеше, «Мұнаймаш» зауытының өніміне деген сұраныс жоғары болмақ.

Айдана Демесінова